Қазақстандықтар бір күнде ең кемі 2,2 доллар жұмсайды
2022 жылғы 27 мамыр 16:34

Қазақстандықтар бір күнде ең кемі 2,2 доллар жұмсайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар бір күнде ең кемі 2,2-2,5 доллар жұмсайды. Ұлттық банктің қазіргі бағамы бойынша бұл сома 928-1055 теңге шамасында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең кедей елдер өз халқы үшін кемінде күніне 1 долларға өмір сүруді қамтамасыз етуге тырысады, дамушы елдер – күніне 1,9 доллар, одан кейін – күніне 2,5 долларға ұмтылады, дамыған мемлекеттерде күніне 5,5 доллар жұмсалады. Біз дамушы елміз, сондықтан экономикалық жағдай бізге сатып алу қабілетінің паритеті бойынша күніне 2,2-2,5 доллар жұмсауға мүмкіндік береді. Бұл халықаралық стандарт нормаларына сәйкес келеді», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Ниязов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, 2020 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 47 мың отбасы, ал 2021 жылы 51 мың отбасы кедейлік жағдайынан шыққан. 2020 жылы жалпы сомасы 65,6 млрд теңгеге АӘК төленген. Бұл ретте республикалық бюджеттен 57,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 8,1 млрд теңге қарастырылған. 1 мамырдағы жағдай бойынша АӘК 111,4 мың отбасы немесе 571,1 мың адам алды.

Сондай-ақ А. Ниязов Қазақстандағы кедейлік шегі елдің экономикалық мүмкіндіктері бойынша бекітілетінін түсіндірді. Ол белсенділіктің әлеуетін төмендетуге емес, арттыруға мүмкіндік беретін шекте бекітілген.

«2019 жылы жәрдемақы мөлшері өскен кезде сәтсіз тәжірибені бастан өткердік. Салдарынан адамдар жәрдемақы алу үшін табыстарын жасыра бастады, жұмыстан шықты, ажырасты. Яғни АӘК алу үшін жалған ажырасуды көрсеткілері келді . Мұндай фактілер көп болды. АӘК деңгейі өмір сүруге қолайлы және әлеуетті арттыруға ықпал етуі тиіс. Сондықтан бұл көмекті шартты және шартсыз түрге бөлуге тура келді. Шарт бойынша – біз мемлекет ретінде адамды жұмысқа орналастыру жөнінде міндеттеме аламыз, егер ол бас тартса, кедейліктен шығуға мүдделі болмаса, үйде отырғысы келсе және тек жәрдемақы алатын болса, мұндай адамға АӘК тағайындалмайды», - деді Асқар Ниязов.

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT