Қазақстандықтар банкке бармай-ақ шот аша алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктердің қатысуымен жеке тұлғаны қашықтан сәйкестендіру жүйесін тестілік режімде іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық банкі ақпаратына сәйкес жоба «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында іске асырылады және қаржы ұйымдарының клиенттеріне қаржылық қызметтерді қашықтан алу мүмкіндігін беруге бағытталған.

«Тетікті енгізу клиенттерге қашықтан тәсілімен, үйінен, кеңседен шықпай, банктердің бөлімшелеріне бармай және қағаздағы құжаттарға қол қоймай барынша талап етілетін қаржылық қызметтерді алуға, оның ішінде банк шотын, салымын ашуға, төлем картасын шығаруға және өзге де мәмілелерді жасауға мүмкіндік береді. Бұл тетік аясында қашықтан сәйкестендіруден өту үшін клиентке жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізу және банкпен бейнеконференцбайланыс сеансынан өту жеткілікті», - деп атап өтеді Ұлттық банк.

Клиентті сәйкестендіру оның биометриялық көрсеткіштері және клиенттің келісімі негізінде алынған «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алынған мәліметтер арқылы жүзеге асырылады. Жобаны іске асыру және жүйенің жұмыс істеу функционалын тексеру мақсатында Ұлттық банк банктер клиенттерінің шектеулі саны аяында сервисті пайдалану үшін барынша нақты жағдайларға жақындатылған тестілік платформаны әзірледі. Қазіргі уақытта платформаға 11 банк қосылып, тестілеуден табысты өтуде. Сонымен қатар бірқатар басқа банк қосылу сатысында.

«Қазақстанда жеке тұлғаны қашықтан сәйкестендіру жобасын енгізу клиенттер үшін қаржылық қызметтердің деңгейін, тиімділігін және қолжетімділігін арттырады, географиялық кедергілерді жояды, оның ішінде алыстағы өңірлердің тұрғындары мен қозғалысы шектеулі азаматтар үшін кедергілерді алып тастайды. Бұл қашықтан тәсілімен сервистердің одан әрі дамуына және болашақта қаржылық қызметтердің басым бөлігін онлайн-режимге аударуға ықпал ететін болады», - делінген таратылған ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар