Қазақстандықтар ауыр атлетикадан Азия чемпионатында бір күміс, бір қола алды

None
Фото: olympic.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Чинджу қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында ел құрамасы қоржынына тағы бір күміс, бір қола медаль түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрлықтық додада 109 келі салмақта Артем Антропов пен Андас Самарқанов жарыс жолына шықты. Жарыс барысында Артем күміс, Андас қола жүлде алды.

Артем Антропов 2000 жылдың 23 қаңтарында дүниеге келген.

Бұған дейін ересектер арасында 2020, 2022 жылдарда Азия чемпионы атанса, 2017 жылы жастар арасында әлем чемпионы болды.

Ал Андас Самарқанов ересектер арасындағы бәсекеге тұңғыш мәрте қатысып отыр.

Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық Нұрғиса Әділетұлы Азия чемпионы атанды.

Сондай-ақ, ел құрамасынан Азия чемпионатында Арли Чонтей ( 55 кг) мен Алексей Чуркин (73 келі) қола жүлдегер болды.

Артем Антропов қоссайыс бойынша жалпы есепте екінші болды. Оның нәтижесі - 399 (172+227) келі.

Үздік үштікті 390 (169+221) келі көрсеткішпен Андас Самарқанов түйіндеді.

Енді ел құрамасынан 13 мамырда Айсамал Сансызбаева мен Любовь Ковальчук (87 келіден жоғары) жарыс жолына шығады.


Соңғы жаңалықтар