Қазақстандықтар әуежайда цифрлық жеке куәлікті пайдалана алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар цифрлық жеке куәлікті Түркістан әуежайында да пайдалана алады. Бұлтуралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Түркістан қаласының әуежайында жеке деректерді растау үшін енді «e-Gov Mobile« қосымшасы арқылы цифрлық жеке куәлікті көрсетуге болады. Бұған дейін мұндай қызмет Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларының әуежайларында қолжетімді болатын. Әуежайда цифрлық жеке куәлікті пайдалану үшін «e-Gov mobile« жүйесінде тіркелген пайдаланушы «Цифрлық құжаттар« сервисіне кіріп, тізімнен жеке куәлікті таңдауы қажет. Әуежайдың тіркеу бөлімінде, сондай-ақ ұшар алдындағы тексеруден өтерде QR-коды бар смартфонның экранын көрсету керек», - деп атап өтеді ведомстводан.

Министрлік мәліметінше, цифрлық құжаттар қызметі ілкі режимде жұмыс істейді және әзірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент және Түркістан қалалары арасында қолжетімді. Осы әуежайлардың қызметін пайдалануды жоспарлап отырған жолаушыларға өзімен бірге жеке куәлігінің түпнұсқасын да алып жүргені жөн.

Айта кетейік, ішкі рейстерде цифрлық жеке куәлікті пайдалану мүмкіндігі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның, отандық әуе компаниялары мен әуежайларының және «Ұлттық ақпараттық технологиялар»АҚ-ның жүйелерді интеграциялау бойынша бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде іске асырылды.


Соңғы жаңалықтар