Қазақстандықтар 3 жылда монополистерді қанша миллиардқа байытты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар 3 жылдың ішінде коммуналдық қызметтер үшін монополистерге 29 млрд теңге артық төлеген. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен ҚР Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Бас прокурор Қайрат Қожамжаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Энергеия беретін және онымен жабдықтайтын ұйымдар кез келген жолмен өздерінің шығыстарын арттырады. Қызмет құнына сыйақы, бонус, кредит төлемдер, іссапар және өзге де жоқ шығындар заңсыз қосылады. Тексеру барысында үш жылдың ішінде оларға халықтың 29 млрд теңгені заңсыз артығымен төлегені анықталды», - деді ол.

Мәселен, оның дерегінше, 2016 жылы «Алатау жарық компаниясы» АҚ төтенше жағдай қаупі деген желеумен тарифті 1,4 млрд теңгеге арттырып жіберген. Ал «Ақтөбе ЖЭС» АҚ ағымдағы жылы мүлдем жоқ кредиттік міндеттемесін қосып, жылуға арналған тарифті көтерген. Монополияға қарсы орган болса олардың мүддесін қорғап, негізі жоқ тарифті қасақана бекіткен. Соның салдарынан өңір тұрғындары 893 млн теңге артық бөлеген. «Астанаэнергосбыт» ЖШС энергияны 2 есе арзан бағаға сатып алып, заңсыз 2,6 млрд теңге пайда тапқан.

«Қауіпсіздік кеңесі отырысының қарсаңында дәл осы сомаға елорда тұрғындарына өтемақы тарифі енгізілді. Алматы мен Қарағанды облыстарында да Қауіпсіздік кеңесі отырысы қарсаңында осындай жайт орын алды. Мұндай деректер Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында да анықталды», - деді Бас прокурор.

Қайрат Қожамжаровтың пайымынша, еліміздің Ұлттық экономика министрлігі тарапынан жеткілікті деңгейде бақылау болғанда мұндай жайтқа жол берілмес еді.

«Бір ғана прокурорлық тексеру анықтаған 29 млрд теңге шығынды үш жыл бойы монополияға қарсы орган анықтай алмай келді. Лауазымды тұлғаларға қатысты жоғарыда аталған қызмет бабын асыра пайдалану және немқұрайлылық фактілері бойынша біз 7 қылмыстық іс қозғадық», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар