Қазақстандық зілтемірші Арли Чонтей 129 келіні бағындырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өтіп жатқан ауыр атлетикадан ӘЧ бірінші күнінде қазақстандық спортшы Арли Чонтей бақ сынады. «А» тобында 56 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен 22 жасар спортшы үш мүмкіндігін де қалт жібермеді.

Ә дегенде 122 келіге тапсырыс берген Арли оны оңай көтерді. Келесі сында 126, соңғы рет 129 келі салмақты бағындырды. Осы салмақ категориясында бүгін Тайпей, Колумбия, Тайланд, Қытай, Солтүстік Корея, Италия спортшылары өз мүмкіндігін сынады.

Қазақстандық спортшылардың өнерін 9 қарашада көруге болады. Сағат 16.00-да Маргарита Елисеева ортаға шығады. Таяуда ғана ол Азия ойындарында айды аспанға шығарып, алтыннан алқа тағынған. Жерлесіміз 48 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайды.

10 қарашада (16.00) Зүлфия Чиншанло күш сынасады. Бұған дейін ол Лондон Олимпиадасының жеңімпазы және екі дүркін әлем чемпионы атанған. Осы күні (19.00) жастар арасындағы әлем чемпионы, 69 келі салмақтағы Альберт Линдер де өнер көрсетеді.

11 қарашада (16.00) 58 келі салмақтағы Сәуле Сәдуақасоваға сенім артамыз. Сәуле «В» тобында сынға түседі. 12 қарашада (19.00) Кирилл Павлов күш сынасады. 77 келі салмақтағы жерлесіміз 2010 жылы Азия ойындарында және екі рет Азия чемпионатында жүлдегерлер санатына қосылған болатын. 2012 жылы Кирилл Лондонда алауы тұтанған Олимпиада ойындарына қатысты.

13 қарашада үш бірдей жерлесіміз жарыс жолына шығады. Олар - 69 келілік Гүлназ Наурызова (13.00) және 63 келілік Карина Горичева мен Майя Манеза (16.00). «В» тобындағы Гүлназ үшін басты мақсат - алғашқы ондықтың санатына қосылу болса, қалған екеуі жеңіс тұғырына көтерілу үшін барын салады.

14 қарашада (16.00) алдымен 69 келі салмақтағы Жазира Жаппарқұлға жанкүйер боламыз. Сонымен қатар, осы күні кешкісін (19.00) 94 келі салмақтағы Владимир Седов пен Рүстем Сыбай жарыс көрігін қыздырады. Седов - 2009 жылғы әлем чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Сыбай - Дүниежүзілік жасөс¬пірімдер ойындарының қола жүлдегері.

15 қарашада (19.00) Илья Ильин сынға шығады. Екі дүркін Олимпиада ойындарының жеңімпазы, үш дүркін әлем чемпионы атанған Қазақ-станның даңқты спортшысы 105 келі салмақ дәрежесінде де дара шығады деп үміттенеміз. Ал Илья Ильиннің алдында (11.00) 105 келі сал-мақтағы Жасұлан Қыдырбаев «В» тобында сайысқа түседі. Одан кейін (16.00) 75 келі салмақтағы Светлана Подобедова мен Анна Нұрмұхамбетова шеберлік байқасады деп күтілген болатын. Өкінішке қарай, Подобедова жарақат алуына байланысты жарысқа шықпайтын болды. Бұл салмақта Нұрмұхамбетова ғана өнер көрсетеді. Ол жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері және Лондон Олимпиадасында үздік бестіктің санатына кірген спортшы.

16 қарашада аса ауыр салмақтағы спортшылар күш сынасады. Бұл ретте біз жастар арасындағы әлем біріншілігінде дара талантымен оқшауланған Селимхан Әбубакаров (11.00) пен Ибрагим Берсановтың (17.00) өнерін тамашалаймыз.

Соңғы жаңалықтар