Қазақстандық журналистердің ДНҚ-паспортын жасау ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының биологиялық және химиялық зертхана меңгерушісі Іңкәр Тәжіғұлова журналистерге генетикалық паспорт жасатуды ұсынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Маманның айтуынша, генетикалық паспорт ең алдымен, қатерлі мамандықта жұмыс істейтін адамдарға қажет.

«Яғни, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, ұшқыштар. Журналистиканы да осы санатқа қосу керек деп есептеймін. Әр адам генетикалық паспортты ешқашан қолданбаймын деп есептейді. Бірақ, Құдай басқа салмасын, адам мәйітін танымай қалатындай апаттар мен жарылыстар болады. Бұл жағдайда, мәйіттің сәйкестігін табу үшін ДНҚ-ларын зерттеу қажет болады. Апатқа ұшыраған кей адамдардың биологиялық туыстары болмауы мүмкін. Сол сәтте генетикалық паспорты бар адамдардың сәйкестігін уақыт оздырмай анықтауға болады. Барлық адамдар генетикалық паспорт алуға міндетті деп айта алмаймыз. Мұны әр адам өзі шешуі тиіс. Бірақ, менің ойымша, бұл барлық адамда болуы тиіс маңызды ақпарат», - деді Іңкәр Тәжіғұлова Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтына жасалған баспасөз-туры барысында.

Маманның айтуынша, генетикалық сәйкестікті зерттеудің ең қысқа мерзімі - үш күн. Ал ең ұзақ мерзімі 30 күн болып заңмен белгіленген. «Кейде күрделі обьектілер де болады. Ондай жағдайда, сараптама тағайындайтын органның рұқсатымен зерттеуді әрі қарай жалғастырамыз», - деп өз сөзін түйіндеді зертхана меңгерушісі.

Соңғы жаңалықтар