Қазақстандық журналистер коронавирусқа қарсы вакцина салдырып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Танымал қазақстандық журналистер коронавирусқа қарсы вакцина алуды жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тележүргізуші, бизнесвумен Динара Сәтжан кеше ресейлік Спутник-V вакцинасының бірінші компонентін салдырды.

«Жағдайым жақсы. Дене қызуы көтерілген жоқ. Еш жерім ауырған жоқ. Вакцинадан кейін жұмысқа кірістім, тіпті вакцина алғанымды ұмытып та кеттім. Мен ағзамдағы антиденелер таусылғандықтан, вакцина салғыздым. Өйткені, қайтадан ауырғым келмейді. Адамзат оба, тырысқақ, қара шешек, сүзек, туберкулез ауруларын қалай жеңді деп ойлайсыздар? Коронавирус та – жаппай вакциналауды қару етуге болатын бірінші жау емес. Меніңше, секемшіл адамдар тұйық шеңберге түседі. Олар неғұрлым көп үрейленсе, соғұрлым әлсіз болады. Желіден 5G туралы ақпарат пен өздері секілді күдікшіл адамдар жазатын мәнсіз әңгімелерді іздейді. Қалыпты өмір салтына оралғысы келетіндер, алғашында «қарсы» болып жүргендер де вакцина жасатады», - деп жазды Динара Сәтжан өзінің Instagram парақшасында.

Ал журналист Азамат Ерғали QAZVAC вакцинасының екінші дозасын 21 күннен кейін салдырған.

«QAZVAC вакцинасының екінші дозасын алу үшін Нұр-Сұлтан қаласының 9-емханасына келдім. Адамдар аз емес. Емхананың медициналық қызметкерлері ширақ жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардың барлығы тіркеледі және қандай вакцинаны таңдағанына байланысты әртүрлі кабинеттерге жіберіледі. QAZVAC немесе Спутниктің бірін салдыруға болады. Екпе процесі жолға қойылған, еш қарбалас жоқ. Сары бахилалар берді», - деп жазды Азамат Ерғали Facebook парақшасында.

Сонымен бірге журналист Дина Төлепберген жақында Спутник-V вакцинасының екінші компонентін алған.

«Бүгін екіншісін (вакцина – ред.) алдым. 45 минут өтті. Осы постты жазып отырғаныма қарағанда, шүкір, аяқ-қол дірілдеп жатқан жоқ, санам ояу. Ары қарай қалай боларын білмеймін. Бірақ жақсылыққа сенемін. Спутник V алғашқы компонентін салдырған соң, 7 күн бойы қызуым көтеріліп еді. Тіпті 5-6 күндері тұра алмай, жатып қалдым. Екінші компоненттің әсері жеңілдеу болса игі. Коронавирус салдарынан ең жақын адамдарыңды жоғалтып алғаннан кейін, күдіктене, сескене бастайды екенсің. Аман болайық, бар болайық», - дейді Д. Төлепберген .

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина алғандар саны 2 млн-ға жуықтады.



Соңғы жаңалықтар