Қазақстандық жұптар неге ажырасады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қоғамдағы түйткілді мәселелердің бірі – ажырасу. Соңғы жылдары елімізде шаңырағы шайқалған отбасылардың саны артқан. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда неке құрған әрбір үшінші отбасы ажырасады екен. Ұлттық статистика бюросының дерегіне көз жүгіртсек, былтырдың өзінде 17,7 мың отбасының некесі бұзылған. Отбасын қалай сақтап қалуға болады? Некенің бұзылуына не себеп? Сандаған ғасыр бойы дәріптеліп келген отбасы құндылығы қазір қалай өзгерді? Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Еліміздегі ажырасу статистикасы

Әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасады. Соңғы жылдары елімізде де ажырасу көрсеткіші күрт өсіп барады. Сарапшылардың зерттеуінше, елімізде жылына орта есеппен 140 мың отбасы шаңырақ көтерсе, оның 50 мыңы ажырасып кетеді екен. Яғни ажырасу үлесі жалпы тіркелген неке санының 34,4%-ын құрап отыр. Осы тұста, отбасы институтын нығайту қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтырдың өзінде 17,7 мың отбасының шаңырағы шайқалған. Көбіне ортақ баласы жоқ ерлі-зайыптылар мен ерте жаста шаңырақ көтерген отбасылардың ажырасу үлесі жоғары екені анықталған.

Осыған орай, жуырда елордада таныстырылған «Қазақстандық отбасылар-2022» ұлттық баяндамасында осы секілді бірқатар мәселе қамтылған. Жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша әзірленген.

Баяндамада отбасы саясаты саласындағы ахуалға талдау жасалып, отбасыларды мемлекеттік-әлеуметтік қолдау, жанұядағы өзара қарым-қатынас және ата-ана болу әлеуеті, отбасын қолдау орталықтарының қызметіне зерттеу жүргізілген. Ұлттық баяндама дерегінше, еліміз бойынша тіркелген некелер санының ең жоғары көрсеткіші 2017 жылы байқалған. Ал ең төменгі көрсеткіш 2020 жылы тіркелген. Бұл жағдайда халықтың некеге тұру көрсеткішінің 7,6%-ға төмендеуіне мемлекеттік қызмет көрсетудің баяулауы мен үйлену тойларын өткізуге шектеулер сияқты факторлар әсер еткені белгілі болды. Баяндамадағы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда некеге тұрудың төмендеуіне әлеуметтік-экономикалық және демографиялық жағдай әсер етуі мүмкін. Егер ауылдық жерлер туралы айтатын болсақ, онда негізінен экономикалық фактор басым екені белгілі болған. Өйткені қалалар мен ауылдардың дамуында айтарлықтай айырмашылық бар. 2021 жылы некеге тұру саны бойынша төрт өңір орташа республикалық көрсеткіштен жоғары мәнді көрсеткен. Олар – Астана және Алматы қалалары, Атырау және Маңғыстау облыстары.

Ресми некеге тұратындар саны азайған

Былтыр 2021 жылмен салыстырғанда некеге тұрғандар саны 8,4%-ға азайған. Елімізде «азаматтық» некеде тұратын адамдардың саны туралы нақты деректер жоқ. Мұндай статистика халық санағы кезінде де жүргізілмейді. Бұл жағдайда демографтар тіркелген некеден тыс туған балалардың үлесі сияқты жанама деректерді пайдаланады.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары әзірлеген «Қазақстандық отбасылар-2022» ұлттық баяндамасында респонденттердің «азаматтық неке» құбылысына деген көзқарастары «оң», «теріс», «бейтарап» деп аталатын үш топқа бөлінген. Азаматтық некені жақтайтындар көрсеткіші – 28,3%, оған қарсылар – 33,1%, бейтарап ұстанымдағылар үлесі – 32,8%. Зерттеуде Қазақстанның 17 өңірінен 1200 адам қатысқан. Орташа алғанда барлық жастағы адамның шамамен 25%-ы оң пікірде болса, 30%-дан астамы азаматтық некеде тұруға бейтарап қарайды. Мамандардың айтуынша, бұл дегеніміз Қазақстанда әрбір бесінші неке тіркелмеуі мүмкін дегенді білдіреді.

Сауалнамаға қатысқан 29-60 жас аралығындағы тұрғындар азаматтық некені оң қабылдайды. Зейнеткер жасына жеткендер отбасына қатысты «дәстүрлі көзқарас» ұстанады. Осы егде жастағылар буыны АХАТ органдарында тіркелген мәртебесі бар отбасын ғана, яғни ресми некені қабылдайды. Әдетте, аға буын өкілдері дәстүрлі отбасылық құндылықтарды – ер мен әйел арасындағы неке, эндогамдық топтан серіктес таңдау, патриархалдық сипаттағы толық отбасын қолдайды. Бұл контексте азаматтық некеге қатысты әр түрлі көзқарас адамның жасына, біліміне, географиялық тұратын аймағына, қай этносқа жататынына және т.б. сияқты факторларға байланысты болуы мүмкін. Сауалнама нәтижесі бойынша, қазақтар арасында азаматтық некеге жағымсыз көзқарас білдіргендер саны орыстарға қарағанда екі есе, басқа этнос өкілдеріне қарағанда төрт есе көп екені анықталған.

Тіркелмеген некеде туған балалар көрсеткіші

БҰҰ тұрғын халық саласындағы қорының (ЮНФПА) «Ұрпақ және гендер» ұлттық зерттеуінің есебінде Қазақстанда ер адам мен әйелдің бірге тұруы сирек құбылыс екені туралы статистика келтірілген. Ерлердің 7%-дан азы және әйелдердің 8%-ы тіркелмеген некеде тұрады. Қарым-қатынастың бұл түрі қалалық жерлерде және дінге сенбейтін жастар арасында жиі кездеседі. Сондай-ақ «ерлер арасында тіркелмеген некеде жастардың (18-29 жас) үлесі – 8,5%, ал әйелдерде ересек жастағылар (40-49 жас) – 10,1% жиі кездеседі» делінген.

2017 жылы тіркелмеген некеде туғандардың үлесі қала тұрғындарының 13,4%-ын және ауыл тұрғындарының 12,4%-ын құраған. Азаматтық некеден туылғандардың ең аз пайызы Атырау 6,9%, Маңғыстау 6,9% және Қызылорда облыстарында 7,7%-ды, ал ең жоғары пайызы Солтүстік Қазақстан 21,3%-ды, Павлодар 20,1%-ды және Қостанай 19,9% құрайтыны анықталған.

Қазақстанда 521 мыңға жуық жалғызбасты ата-ана бар

«Қазақстандық отбасылар – 2022» ұлттық баяндамасына сәйкес, 2000 жылдардың басынан бастап ажырасқан жұптарға талдау жасасақ, олар негізінен 5 жылдан 9 жылға дейін бірге өмір сүрген екен. Дәл осы кезеңде ажырасқандар үлесі басым.

Ал 2021 жылғы дерек бойынша, ерлі-зайыптылардың 29,2%-ы 1 жылдан 4 жылға дейін бірге өмір сүрген болса, 5 жылдан 9 жылға дейін бірге тұрғандар 26,3%-ды құрады. Қазақстанда 520 986 жалғызбасты ата-ана бар. Оның ішінде жалғызбасты ана асырап отырған 452 730 отбасы және тек әкесі бар 68 256 отбасы бар.

Қазіргі таңда отбасының бұзылуы заманауи қоғамның өзекті мәселесі болып отыр. Бүкіл дүние жүзінде толық емес отбасылар санының көбею үрдісі байқалады. Мәселен, Америка халқының төрттен бір бөлігі толық емес отбасында тұрады. Толық емес отбасында тәрбиеленген бала мен толық отбасындағы бала тұрмысы жағынан айтарлықтай айырмашылық болады. Біріншіден, бұл жалғыз басты ата-ананың қолы бос болмауы салдарынан, өз балаларына құнды тәрбие бере алмауы, материалдық қиындықтар. Тіпті жағдайы жақсы болғанның өзінде жалғызбасты ата-анаға педагогикалық тәрбие беру де оңай емес, себебі ата-ананың біреуі жоқ болғасын бала өз жынысының мінез-құлық стереотипін толық қалыптастыру мүмкіндігінен айырылады. Психиатрияда «әкесі/анасы болмаған жағдайда» деген термин де бар. Осылайша, әкесі жоқ ер бала еркекке тән мінез-құлық, жүріс-тұрыс ерекшеліктерінен үлгі алу мүмкіндігінен шектеледі, соған байланысты еріксіз түрде әйел сипатынан үлгі алады. Мұндай жағдайда, қыз бала үшін де, шешесі ана және әке рөлін қатар алып жүруге мәжбүр.

Қазақстанда заң бойынша рұқсат етілмеген ерте жаста неке құру жағдайлары кездесетінін айта кеткен жөн. Әсіресе, ерте жаста тұрмысқа шығу өте күрделі мәселелерді тудырады. Тиісті деңгейде білімі жоқ, тек үй жұмысы және бала тәрбиесімен шектелетін қыздар өзінің әлеуметтік рөлінің мәнін жіті түсінбейді. Осының салдарынан ерте тұрмысқа шыққан қыздар ескі «салт-дәстүр» шырмауынан шыға алмай, кедейлікке және гендерлік кемсітушілікке әлеуметтік оқшаулануға ұшырайды.

Қазіргі қоғамда отбасын қалай құрады?

Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтардың көпшілігі отбасы құндылығын мойындайды, бірақ бұл институт біртіндеп өзгере бастайды деген пікірде. Әлеуметтанушы, «Қазақстандық отбасылар-2022» ұлттық баяндамасының авторларының бірі Ольга Николаеваның пікірінше, еліміздегі отбасылық құндылықтардың өзгеруіне бірқатар факторлар әсер етеді. Олардың ішінде ішкі ғана емес, сонымен қатар сыртқы жаһандану жағдайы да әсер ететінін айтады.

«Қазіргі ұрпақтың өзін-өзі жүзеге асыру үшін бұрынғыға қарағанда көбірек мүмкіндіктері бар. Жастар некеге тұрмас бұрын алдымен білім алып, жұмыс тауып, экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болғысы келеді», - дейді Ольга Николаева.

Оның сөзінше, ерлі-зайыптылар үйлену тойына, пәтер сатып алуға бірге ақша жинау үшін азаматтық некеде тұрады. Сондықтан олар некені тіркеуге асықпайды. Әсіресе жастар осындай көзқарасты ұстанатынын айтады. Сондай-ақ, қоғамда ата-аналары мен балалары бірге тұратын отбасылар басым. Жас отбасылардың көбі мүмкіндігінше ата-анасынан бөлек өмір сүргісі келетінін атап өтті.

Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген «Ажырасу және оның салдары» талдамалы есебіндегі мәліметтерден байқасақ, отбасы бұзылуының басты себептері – ерлі-зайыптылардың опасыздық жасауы немесе туыстарының отбасылық өмірге араласуы. Бұған қоса тұрмыстық зорлық-зомбылық, маскүнемдік, қызғаныш, жұмыссыздық, қаражаттың жетіспеуі және тұрғын үй мәселелері сияқты материалдық мәселелер де өз әсерін тигізеді екен.

Мемлекет тарапынан ұлттың сапасы мен санына, қасиеті мен қабілетіне әсер ететін дерт – қоғамның өзегін өртеген ажырасу мәселесін болдырмау үшін бірқатар шара қабылданып жатыр. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 1 сәуірдегі № 853 «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 384 Жарлығына өзгерістер енгізілді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды жедел анықтауға және оларға көмек көрсетуге мүмкіндік беретін отбасының цифрлық картасы әзірленеді және енгізіледі. Сонымен қатар, Гендерлік аспектіні ескере отырып, жалғыз басты ата-аналардың қашықтағы жұмыс форматына және жұмыспен қамтудың қысқартылған режиміне құқығын айқындауды көздейтін еңбек заңнамасын жетілдіру жоспарланып отыр. Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары нысаналы индикаторлары мен тұжырымдаманың стратегияларын қамтиды. Жоспардағы іс-шаралар отбасы институтын нығайтуға және қолдауға, репродуктивті денсаулығын сақтауға, балалар мен әйелдерге қатысты отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға, ерлер мен әйелдердің тең жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, гендерлік білімді ілгерілетуге бағытталған. Сондай-ақ, отбасы құндылықтарын сақтап қалуға бағытталған «Қазақстандық отбасылар-2022» ұлттық баяндамасы сәтті жүзеге асырылып, жақын болашақта өз жемісін береді деп сенеміз.


Соңғы жаңалықтар