Қазақстандық жұлдыздар Астанадағы Амфитеатрда өнер көрсетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Есіл өзенінің жағалауындағы көрікті орындардың бірі - Амфитеатр. Биыл жазда Астана тұрғындары мен қонақтары елордамыздың 20 жылдығына орай осы алаңда өткізілетін көптеген шоуларды, сүйікті артистерінің, үрмелі аспаптар оркестрлерінің өнерін тамашалай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Бұл жер ересектер үшін де, балалар үшін де қызықтьы шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Амфитеатрда интерактивті ойындар, би ұжымдарының, жас әншілердің және «Кел, шырқайық балақай!» коллекциясын ұсынатын модельдік агенттіктердің қатысуымен балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады.

Амфитеатр сахнасынан 29 маусым күні кешке «Астанаға тарту» концертін тамашалауға болады. Ұлттық музыканы бағалаушылар Қазақстанның аумағында ашылған бес дәстүрлі ән мектебінің үздік 20 орындаушысының өнерін тамашалайды. 1 шілдеде күндіз Атырау облысының әртістері елорданы құттықтайды. Ал кешке Амфитеатр алаңында «Би шашу» гала-концертімен III «ШАШУ» халық биі ансамбльдерінің халықаралық фестивалінің жабылуы өтеді. Шара ҚР халық артисі, кеңестік және қазақстандық балет артисі және балетмейстер Зауырбек Райбаевты еске алуға арналады.

3 шілдеде сағат 17.00-де сахна төрінде «Серпер» халық аспаптары оркестрлерінің республикалық фестиваліне қатысушылар өнер көрсетеді. Олардың концерті 4 және 5 шілдеде жалғасын табады. Бірнеше сағаттан кейін ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен өткен «The planet of ART» халықаралық фестивалінің жабылу салтанаты болады.

 5 шілдеде кешке венгриялық «Kurazsi» этно-би ансамблі қала тұрғындарына музыкалық тарту жасайды.

6 шілдеде күндіз балаларға арналған «Кел, шырқайық, балақай!» концерттік бағдарламасы өткізіледі. Ал кешке қала тұрғындары мен қонақтары отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін үш сағаттық «Кеш жарық, Астана!» музыкалық марафонын тамашалайды.

7 шілдеде кішкентай көрермендердің назарына «Сәлем, Астана!» концерті ұсынылады. Кешке Амфитеатр сахнасында осы жаздың ең жарқын open-air концерттерінің бірі - «ASTANA FM ON AIR»музыкалық фестивалі өтеді. Қонақтар еліміздің Astana FM және Qazaq Radio радиоларының эфирінен естіліп жүрген хит әндерді орындайтын үздік әншілердің өнерін тамашалайды. Атап айтқанда, шараға Маржан Арапбаева, Дос, Адам, Гүлнұр Оразымбетова, ағайынды Жүгінісовтер, Шахризат Сейдахмет, «Дара», «Амади» топтары және басқалары қатысады.

Келесі күні кешке, қазақстандық эстрада әншілері «Кеш жарық, Астана!» атты концертті көпшілік назарына ұсынады. 

Соңғы жаңалықтар