Қазақстандық ЖОО-ның филиалы Омбыда ашылуы мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенатта «Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы РФ-те Қазақстанның жоғары әрі жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдарын және Қазақстанда Ресейдің жоғары білім беретін ұйымдарының филиалдарын құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл Келісімнің негізгі мақсаты Қазақстан мен Ресей жоғары оқу орындарының филиалдарын құру және жұмыс істеу мәселелерін реттеуге бағытталған. Құжат аясында Қазақстанда ресейлік жоғары білім беру ұйымдарының филиалдарын ашу кезінде қазақстандық лицензияны алу, филиалдарда оқыту екі елдің мемлекеттік тілдерінде жүргізілуі мәселелелері қарастырылған. Сонымен қатар, білім беру бағдарламалары аясында филиал орналасқан елдің мемлекеттік тілі мен тарихы міндетті түрде оқытылады деп келісілді. Мемлекеттік бақылау және аккредиттеу рәсімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Оның айтуынша, студенттерге қазақстандық және ресейлік білім туралы құжаттардың берілуі ескерілген. Келісімді іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді.

«Жалпы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында білім және ғылым саласында көпжылдық тиімді ынтымақтастық орнатылғанын атап өткім келеді. Жоғары білім саласындағы ынтымақтастық аясында былтыр Алматы қаласында «МИФИ» Ядролық ұлттық зерттеу университеті және Атырау қаласында И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалдары ашылды», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Келісім негізінде тараптар тепе-тең негізде жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды бекітті.

«Қазіргі кезде Ресей жағымен осы елдің шекаралас аймақтарында, яғни Омбы мен Самарадағы жоғары оқу орындарының бірінің базасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалын ашу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл мәселе бойынша Қазақстанның бастамасын іске асыру үшін осы Келісімді ратификациялау қажет», - деді Қуаныш Ерғалиев.

Соңғы жаңалықтар