Қазақстандық Жерді қашықтықтан зондтау спутнигінің Орбитаға шыққанына 5 жыл болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін қазақстандық ғарыш тарихында атаулы күн. Бес жыл бұрын, яғни 2014 жылдың 30 сәуірінде Куру ғарыш айлағынан (Гвиана, Франция) алғашқы қазақстандық жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) спутнигі - KazEOSat-1 ұшырылған болатын, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Спутник ұшырылған сәттен бастап ғарыштан 678 129 түсірілім жасалды (әлем бойынша жалпы аумағы 271 251 815 шаршы км), деп хабарлайды ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.

KazEOSat-1 Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының мүддесі үшін, сондай-ақ, өзге елдерге сату мақсатында ғарыштан жер бетін түсіреді.

Спутник күнге сәйкес деп аталатын орбита бойынша жылжиды. Яғни ғарыш аппараты планетаның бір полюсінен екіншісіне ұшады. KazEOSat-1 спутнигінің радиобақылау мүмкіндігі құрлықтың үлкен аумағын - Таймыр түбегінен Солтүстік Үндістанға дейінгі аралықты қамтиды.

Ғарыш аппараты радиобақылау аумағында болған кезде күн сайын үш күндізгі және үш түнгі сеанс жүргізіледі. Бір сеанстың орташа ұзақтығы 5-10 миинут. Бұл аралықта спутникке бағдарламалық бұйрықтар пакеті беріледі, сондай-ақ, аппарат жинаған ақпараттар түсіріледі.

Сара Қабиқызы

Соңғы жаңалықтар