Қазақстандық жекпе-жек шебері UFC турнирінде жеңіске жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов Әбу-Дабиде өтіп жатқан UFC 254 турнирінде жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ш.Рахмонов орта салмақта тәжіибелі бразилиялық Алекс Оливейрамен (22-8-1-2) октагонға шықты.

Жекпе-жек үш раундқа есептелгенімен, көпке созылмады. Бірінші раундта-ақ қазақстандық жекпе-жек шебері бәсекені тұншықтыру әдісімен аяқтады.


Бұл 26 жастағы Ш.Рахмоновтың UFC жарысындағы алғашқы табысы еді.

Осылайша ол аралас жекпе-жектен барлығы 13 кездесу өткізсе, соның бәрінде қарсыластарын мерзімінен бұрын тізе бүктірді. Ал бразилиялық спортшы аралас жекпе-жекте 10 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Соңғы бес жылда UFC турнирінде бақ сынап, 18 кездесуінің 11-ін ұтты.

Бұл оның тоғызыншы жеңілісі еді.

Ш.Рахмонов жекпе-жек соңында берген сұхбатында Қазақстанның туын биікте желбірету зор бақыт екендігін, кеше болған туған күніне өзінің осылайша тарту жасағанын мәлімдеді.

Әбу-Дабидегі турнирдің басты жекпе-жегінде жеңіл салмақтағы чемпион, ресейлік Хабиб Нурмагомедов (28-0) пен осы атақтан үміткер, америкалық Джастин Гэтжи (22-2) ортаға шығады.


Соңғы жаңалықтар