Қазақстандық жастар туристерге арналған мобильді қосымша жасап шығарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жаңа туристік бағыттар іске қосылады. Ол үшін арнайы мобильді қосымша жасап шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат еліміздегі ЮНЕСКО клубтары қауымдастығының хатшылығына сілтеме жасап.

Хабарламада айтылғандай, «Бізбен бірге Қазақстанды аш!» атты ұранмен отандық туризмді дамыту мен мәдени мұраны сақтауға бағытталған жастар жобасы қолға алынған.

«Жастар мен мәдени мұра» атауын алған жобаға еліміз бойынша 178 топ қатысып, соның ішінен үздік деп танылған 12 жеңімпаз топ марапатталған.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, әр топтың құрамында 3 адамнан тұрды және олар жоба аясында 5 күндік білім беру бағдарламасын меңгерді.

Жас білімпаздарға туризм саласы бойынша сарапшылар, экскурсия жүргізушілері мен туристік блогерлер дәріс оқыды. Сондай-ақ, топ мүшелері отандық туризмнің негізімен танысып, туристік маршруттар мен карталарды құрастырып үйренді.

«Білім беру бағдарламасы аяқталғаннан кейін топ мүшелері тәжірибелік тапсырмаларды орындауға көшті. Атап айтқанда, туған жерінде туристік маршруттарды дайындауға кірісті. Қатысушылар өздерінің инновациялық және шығармашылық идеяларын пайдалану арқылы еліміздің мәдени және табиғи мұрасын сақтау және насихаттауға бағытталған тұрақты туризмнің дамуына әкелетін туристік маршруттар құруы керек еді. Мұндағы мақсат - жастардың жобаға қатысу белсенділігін арттырып, туған жердің сұлулығын паш етуге ынталандыру», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, осы осы айдың соңында жоба қатысушылары әзірленген туристік маршруттар бойынша арнайы мобильді қосымшаның іске қосылатыны хабарланды.

«Бұл мобильді қосымша жергілікті және шетелдік туристерге Қазақстанның жаңа қалалары мен аудандарын тани түсуге көмектеседі. Қосымшаның басты айырмашылығы – кез келген адам арнайы гидсіз дайындалған маршруттарды өте алады. Сондай-ақ, жергілікті тұрғынмен серуендегі келсе, осы маршруттардың авторларына хабарласып, көмегіне сүйене алады», - деп хабарлайды авторлар.

Айта кетейік, жастарған арналған аталған жоба ЮНЕСКО, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО бойынша ұлттық комиссиясының және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының ұйытқы болуымен жүзеге асып отыр.


Соңғы жаңалықтар