Қазақстандық жас теннисшілер халықаралық жарыстардың чемпионы атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық жас теннисшілер халықаралық жарыстардың чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Душанбе қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында өткен ITF Juniors турнирінде Виталий Зацепин абсолютті жеңімпаз болды.

Қарағандылық теннисші жекелей сында финалда ресейлік Максим Гончаровты ойсырата ұтты - 6:2, 6:1. Ал жұптық сында сингапурлық Максимус Вонгпен бірге финалда ресейліктер Мират Аминев - Карим Газизовты тізе бүктірді - 6:2, 6:1.

Оңтүстік Африка Республикасында супер санат бойынша ITF жарысында қазақстандық жасөспірімдер табысты өнер көрсетті. Жанель Рүстемова жұптық сында франциялық Ярослава Барташевичпен бірге финалда бельгиялық Софья Костулас - мажарстандық Луча Удвардиге жол берді - 0:6, 3:6. Жекелей сында үш қазақстандық ширек финалға дейін жетті. Аружан Сағындықова төрт сағатқа созылған матчта жасөспірімдер арасында әлемнің 3-ракеткасы, бельгиялық Софья Костуласқа есе жіберді - 7:5, 4:6, 4:6. Кейін Костулас осы жарыста үздік шықты. Сандуғаш Кенжебаева да әлемнің 14-ракеткасы, франциялық Ярослава Барташевичке қатты қарсылық көрсетті - 2:6, 6:4, 5:7. Максим Батютенко жарақатына байланысты ширек финалдық бәсекесін аяқтай алмады.

Черногорияда 12 жасқа дейінгілер арасында екінші санаттағы Tennis Europe додасында Линара Бөлешева жұптық сында чемпион атанды. Ол румыниялық Алексия Брабатемен бірге финалда отандастары Софья Кирова - Алиса Королеваны жеңді - 6:4, 6:3. Жекелей сында Линара финалда ресейлік Ева Калидинадан айласын асыра алмады - 5:7, 2:6. Ұлдар арасында Жантөре Санжарұлы жекелей сында финалға дейін жетті. Жұптық сында отандасы Александр Софрыгинмен бірге финалда Владислав Чибураев - Сен-Хван Кимді қапы қалдырды - 6:1, 6:3.

Ереванда 14 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы додада қазақстандықтар Ярослав Пшеничный мен Олжас Есеналы финалда ресейліктер Иван Молгин - Михаил Волковичті ұтты - 6:1, 6:3. Я.Пшеничный жекелей сында соңғы бәсекеде ресейлік Матвей Рыбинге жол берді - 1:6, 5:7.

Германияның Рутесхайм қаласында Софья Исакова екінші санаттағы жарыста финалда ғана турнирдің бірінші ракеткасы, чехиялық Лучия Сламениковадан ұтылды - 3:6, 2:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Цинциннати турниріндегі қарсыластары белгілі болғанын жазған едік.



Соңғы жаңалықтар