Қазақстандық жас теннисшілер халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық жас теннисшілер бірнеше халықаралық турнирде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Тегеран қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы ITF жарысында ақтаулық Даниал Рахматуллаев жекелей сында үздік шықты.

Ол финалда доданың 6-ракеткасы, марокколық Ильяс Фахимді 7:5, 6:1 есебімен тізе бүктірді.

Даниал жұптық сында ресейлік Амирхамза Насридиновпен бірге финалға дейін жетіп, тунистік Раен Хамаси - поляк Горан Школаға есе жіберді - 3:6, 4:6.

Түркияда 14 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы Tennis Europe турнирінде Ақтөбе теннис мектебінің түлегі Ева Корышева өзінің ірі халықаралық жарыстағы алғашқы титулына қол жеткізді. Ева соңғы бәсекеде тунистік Имис Хомаспен ойнады. Қазақстандық теннисші 5:7, 6:0, 6:1 есебімен жеңіске жетті.

Словенияда 14 жасқа дейінгілер арасында екінші санаттағы осындай жарыста Дамир Жалғасбай жұптық сында швециялық Виктор Райденмен бірге чемпиондық тұғырға көтерілді. Олар финалда аустриялықтар Тило Берман - Флориан Циммерді жеңді - 6:0, 7:6 (7:3).

Жекелей сында жартылай финалға дейін жеткен Дамир аустриялық Т. Берманға жол берді - 4:6, 0:6.

Словенияда тағы бір қазақстандық Софья Исакова Беларусь өкілі Александра Бушенкомен бірге финалист атанды. Титулдық бәсекеде доданың бірінші ракеткалары, ресейліктер Аля Синица - Денеса Солдаковадан айласын асыра алмады - 5:7, 3:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің Албаниядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар