Қазақстандық жас теннисшілер Бішкекте өткен турнирде чемпион атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық жас теннисшілер Бішкек қаласында жасөспірімдер арасында ITF аясында өткен бесінше санаттағы (U-16) халықаралық турнирде чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Даниил Фелькер жекелей сында финалда осы доданың 1-ракеткасы, ирандық Каср Рахманимен күш сынасты.

Аса тартысты өтіп, үш сағатқа созылған матчта қазақстандық теннисші 6:4, 5:7, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Қыздар арасында Әсем Шойбек жекелей сында финалда жарыстың бірінші ракеткасы, қырғызстандық Владислава Андреевскаяға 1:6, 0:6 есебімен есе жіберді.

Жұптық сында қазақстандықтар Елена Ким мен Стефания Шалахова үздік шықты. Олар шешуші бәсекеде тағы бір қазақстандық Яна Кузнецова мен ресейлік Ксения Логвинаны 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Бұл Д.Фелькер, Е.Ким және С.Шалахова үшін биылғы жылдағы алғашқы титулдары еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Мажарстанда өткен жарыстың жеңімпазы атанғанын, Михаил Кукушкиннің US Open негізгі турниріне өте алмай қалғанын жазған болатынбыз.

М.Кукушкин іріктеу сайысында ұтылып қалғанымен, US Open додасында ойнайтын болды. АҚШ ашық чемпионатына қатысушылардың бірі бас тартқандықтан, орнына қазақстандық теннисші шақырылды. Ол алғашқы айналымда испаниялық Пабло Андухармен шеберлік байқасады.





Соңғы жаңалықтар