Қазақстандық жас теннисші Түркиядағы турнирде жеңімпаз атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Әмір Омарханов Түркияда жасөспірімдер арасындағы Tennis Europe14&U Ahmet Erguden Cup турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Қарағанды теннис мектебінің түлегі финалда түркиялық, осы доданың 2-ракеткасы Хейдар Гокпинармен күш сынасты.

Матч басында брейк жасаған қазақстандық жас теннисші алға кетті. Ол бірінші және екінші сетте де қарсыласынан оқ бойы озық тұрды.

Осылайша Ә.Омарханов 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Ә.Омархановтың жарыстың абсолютті чемпионы атанатындай мүмкіндігі бар. Ол бүгін тағы бір қазақстандық Владимир Киммен бірге жұптық сында турнирдің 1-ракеткалары, ресейлік Максим Власов – түркиялық Керим Йелмазбен финалда бас жүлдені сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бублик пен Андрей Голубевтің Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Бүгін осы додада Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирлерінің 23 мәрте чемпионы, америкалық Серена Уильямспен ширек финалға шығу үшін таласады.

Соңғы жаңалықтар