Қазақстандық жас теннисші Грузияда екі мәрте чемпион атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Әмір Омарханов Грузия астанасы Тбилисиде Tennis Europe16&U сериясы бойынша жасөспірімдер арасында өткен «Rena Dato Cup» халықаралық турнирінде жекелей және жұптық сында чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Ә.Омарханов жұптық сында отандасы Артем Сидоровпен бірге финалда белоруссиялық Станислав Бульбинко – украиналық Игорь Соловеймен бас жүлдені сарапқа салды.

Бұдан бір апта дұрын дәл осындай жарыста қазақстандықтар қарсыластарына финалда супер тай-брейкте 4:6, 6:3, 7:10 есебімен есе жіберген еді. Бұл жолы қазақстандық жұп қарымта қайырды – 6:3, 6:3.

Жекелей сында А.Сидоров жартылай финалға дейін жетіп, онда жарыстың бірінші ракеткасы, ресейлік Иван Юткиннен ұтылып қалды – 4:6, 4:6. Есесіне Ә.Омарханов жартылай финалда ресейлік Антон Каратцевті ойсырата жеңді – 6:1, 6:0. Ал аса тартысты өткен соңғы бәсекеде И.Юткиннен айласын асыра білді – 7:6 (7:5), 3:6, 6:2.

Осылайша Тбилисиде екі мәрте жеңімпаз атанған Ә.Омарханов Ресейде өз жас ерекшелігіне қарай бесінші ракетка болып отырған И.Юткинмен алғаш рет кездескенін жеткізді.

Бұл – Әмірдің ТЕ сериясындағы биылғы маусымдағы үшінші табысы. Соның арқасында 14 жасқа дейінгілер арасында Еуропа рейтингісінде 54-орынға көтерілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Истбурн турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастап, негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған болатынбыз.






Соңғы жаңалықтар