Қазақстандық жас теннисші Бакуде өткен турнирде абсолютті чемпион атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Баку қаласында Гейдар Алиевті еске алуға арналған 18 жасқа дейінгілер арасында ITF Juniors турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Жақас Қозыбақ аталмыш жарыста абсолютті чемпион атанды.

Жақас финалда отандасы Виталий Зацепинді жеңді – 6:3, 3:0. Екінші партия барысында жарақат алған Виталий бәсекені жалғастырудан бас тартты.

Ж.Қозыбақ жұптық сында В.Зацепинмен бірге түріктер Бедир мен Бейбелиден басым түсті – 6:2, 6:2.

Осы додада қазақстандық Ульяна Романова қыздар арасында ресейлік Кира Батайкинамен бірге жұптық сында үздік шықты.

Сондай-ақ Алматы теннис мектебінің тәрбиеленушілері Шолпан-Ата (Қырғызстан) қаласында өткен ITF Juniors жарысында табысты өнер көрсетті.

Сәтима Төреген жекелей сында алғашқы титулына қол жеткізді. Ол финалда доданың бірінші ракеткасы Іңкәр Дүйсебайды қапы қалдырды – 7:6, 6:2. Іңкәр да жеңіссіз қалмай, Софья Исаковамен бірге жұптық сында Альбина Кәкенова мен Ева Корышевадан айласын асырды.

Бозбалалар арасында ресейліктер Тихон Сорокин – Сава Рыбакин соңғы бәсекеде қазақстандықтар Дамир Дүйсенғазин – Олжас Есеналыны ұтты – 7:6, 6:1.

Алматыда ЦСКА корттарында 14 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы Tennis Europe турнирі, бұдан бір апта бұрынғыдай, толықтай қазақстандықтардың жеңісімен аяқталды.

Еркежан Жаңатаева финалда үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта Линара Бөлешеваны жеңді – 2:6, 7:6, 6:4.

Жұптық сында Сара Хамитова – Әдия Омарбек Эвелина Балаганская – Аделина Борисовадан басым түсті.

Бозбалалар арасында Михаил Мищенко ешкімді шақ келтірмеді. Ол жекелей сында Родион Трайгельден үстем болды – 7:6, 6:3. Ал жұптық сында Мансұр Сайыновпен бірге Роберт Каминский – Ярослав Пшеничныйды сүріндірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Сербиядағы турнирдің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар