Қазақстандық жас теннисші алғаш рет Уимблдонда негізгі жарысқа жолдама алды
2022 жылғы 1 шілде 19:30

Қазақстандық жас теннисші алғаш рет Уимблдонда негізгі жарысқа жолдама алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Сандуғаш Кенжебаева Уимблдон жасөспірімдер турнирінде негізгі жарысқа жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, Сандуғаш өз спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулығаның» негізгі турниріне өтті.

Team Kazakhstan академиясының түлегі Уимблдон іріктеу сайыстарының финалында 18 жасқа дейінгілер арасында әлемнің 85-ракеткасы, нидерландылық Исис ван ден Брейкті тартысты матчта 6:1, 5:7, 10:8 есебімен ұтты.

«Мен Уимблдонда негізгі додаға өткеніме өте қуаныштымын. Іріктеу сайыстарында әр ойынға ең соңғы бәсеке секілді сезініп, тыңғылықты дайындалдым. Енді алдағы аптада бар өнерімді салатын боламын», деді С.Кенжебаева.

Тағы бір жас қазақстандық Жанель Рүстемова іріктеу сайыстарының финалында словениялық Эла Нала Миличке жол берді – 3:6, 2:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің Уимблдон жарысын жеңіспен бастағанын, Елена Рыбакинаның US Open чемпионын ұтқанын жазған болатынбыз.


Фото: ktf.kz

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT