Қазақстандық жас өнертапқыш шетелдікінен 10 есе арзан бионикалық протез жасап шығаруда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «100 жаңа есім» жобасына қатысушы, жас өнертапқыш Мәулен Бектұрғанов Қазақстанда жасалған бионикалық протездерді қаншаға сатып алуға болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәулен Бектұрғанов «100 жаңа есім» жобасы шабыт беретінін айтады.

«Мен бионикалық протездерді жасаумен айналысамын. Біз Алматыдамыз. Осымен төртінші протезді жасадық. Шетелдік протездермен салыстырғанда біздегі баға он есе арзан. Әрбір клиентке жеке протез жасалады, бағасы 500 мың теңгеден жоғары. Тренажерлар, күш түсетін протездерді, шынтақ, аяқ, протездерін жасаймыз, арбаға жегілгендердің жүруіне көмектесетін корсеттерді жасау жағын қарастырып жатырмыз», - дейді Мәулен.

Оның цехында жасалатын балаларға арналған бионикалық протездерді Қазақстанда ешкім жасай алмайды. Айта кетейік, Мәулен Ақмола облысындағы Зеренді көлінің жағасында құрылған жастар білім беру лагеріне қатысты.

«Мұндай кездесулер, өзгелердің қалай бизнес ашқанын, неден бастап, нендей қиындықтарға душар болғанын айту жастардың ойлау қабілетін жақсарту үшін өте қажет. Соңғы екі-үш жылда жастар арасында стартаптармен, қосымшалармен, робот техникасымен айналысу трендке айналған. Осы индустрия қазір дамып келеді. Жастардың ынтасы қуантады. 10 жылдан кейін олар жарып шығады деп ойлаймын», - дейді жас өнертапқыш.

Еске сала кетейік, Ақмола облысындағы Зеренді демалыс аймағында жастардың республикалық білім беру лагері ашылды. Мұнда жастар ұйымдарының басшылары, кәсіпкерлер, «Қазақстанның 10 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары - жалпы 300-ден астам қатысушы келген. 12 тамызда басталған лагерь жұмысы 16 тамызға дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар