Қазақстандық зағип туралы деректі фильмі Сербиядағы фестивальге қатысады

None
None
КРУШЕВАЦ. ҚазАқпарат - Режиссер Владимир Тюлькин түсірген «13 шақырым» деректі фильмі Сербияның Крушевац қаласында 25-28 қыркүйекте өтетін Халықаралық «Рухы биік» («Сильные духом») православиелік фильмдер фестивалінің негізгі бағдарламасына іріктелініп алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақфильм» киностудиясына сілтеме жасап.

Аталған фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірді. 

«13 шақырым» атты деректі фильм Серік Боданбаев есімді зағип туралы баяндайды. Қыстаудан өз ауылына қарай бет алған басты кейіпкер өз өмірінің елеулі сәттерін еске алып, өз бойындағы құндылықтарының сырын ашады. 

«Фильмнің басты кейіпкері - рухы биік тұлға. Жанарынан айырылса да, қиындықтарға мойымай, өз болашағын ойлайды. Бұл фестивальге сол үшін де ұнаған болар», - дейді фильмнің режиссері Владимир Тюлькин. 

Айта кетерлігі, «Рухы биік» фестивалі Сербияның православиелік шіркеуі мен Халықаралық православиелік халықтардың бірлігі қоғамдық қорының қолдауымен өткізіледі. 

ФОТО: brod.kz

Соңғы жаңалықтар