Қазақстандық WBA, WBO және IBF чемпионы 30 рет жеңіске жеткен нокаутшымен айқасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жартылай орта салмақ санатында өнер көрсететін кәсіпқой қазақ боксшысы Нұрсұлтан Жаңабаевтың (8-0, 5 КО) келесі кездесуі қашан өтетіндігі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Бұрын-соңды жеңіліп көрмеген 27 жастағы былғары қолғап шебері 21 желтоқсан күні Ресейдің Красноярск қаласында рингке шығады. Қарсыласы – 38 жастағы тәжірибелі венесуэлалық Эрнесто Эспана (30-2-1, 25 КО). Жекпе-жек он раундқа есептелген.

Сол күнгі бокс кешінде тағы бір қазақстандық боксшы, суперорта салмақ өкілі Айдос Ербосынұлы (12-0, 8 КО) да кезекті айқасын өткізеді. Оның қарсыласы әзірге белгісіз. Шоудың басты жекпе-жегі ресейлік Денис Лебев (32-2, 23 КО) пен Оңтүстік Африка Республикасынан келетін Табисо Мчунудың (21-5, 13 КО) айқасы болмақ. Олар бірінші орта салмақта бос тұрған WBC Silver белбеуіне таласады.

Еске сала кетейік, соңғы рет Жаңабаев пен Ербосынұлы 14 тамызда Сидней қаласында (Аустралия) жекпе-жек өткізген. Сол кезде Айдос төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жергілікті Рокки Йеркичті (17-2, 13 КО) жеңіп, WBO Global, WBA International және WBC Asia Continental қорғап қалған болатын. Нұрсұлтан да төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен аустралиялық Стив Гагоны (11-1, 4 КО) жеңіп, WBA Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Pan Pacific титулдарын біріктірді.

Соңғы жаңалықтар