Қазақстандық велошабандоз «Хорватия турының» 3-кезеңінде жеңімпаз атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық жас велошабандоз Евгений Гидич «Хорватия турының» 3-ші кезеңінің жеңімпазы атанды. Жарыстар ауа райына байланысты қысқартылған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.

«Біздің бұл кезеңге жақсы жоспарымыз бар еді, нәтижесінде бәрі ойдағыдай өтті. Шындығында, жаңбыр, жел, суық, жарыстың тоқтатылуы, сондай-ақ қайта жалғасуы салдарынан бұл күн өте ауыр болды. Бірақ біз спорт директорларының және ұжымның барлық қызметкерлерінің керемет және үйлесімді жұмысының арқасында барлығынан үлкен қиындықсыз өттік. Бәсеке қайта басталғаннан кейін біз жағдайды бақылап, үнемі алда жүруге тырыстық. Соңғы кезеңде мен Давиде Вилелла мен Андрей Зейцке қосылып, көшбасшылар тобына оралдым. Жігіттер соңғы шақырымдарда маған үлкен қолдау көрсетті, ал Давиде қорытынды шақырымда мені алып шықты. Мен бұл жеңісіме өте ризамын. Жеңіске жеттім-ау! Барлық жолдастарыма бұл ауыр әрі керемет күн үшін алғысымды білдіремін. Бұл – ортақ жеңіс!», - деді Евгений Гидич.

Үшінші кезең Округ қаласында басталды, алайда 20 шақырымнан кейін жарыс комиссарлары кезеңді ауа райының желді болуына байланысты оны тоқтатуға шешім қабылдады. Жарыс біраз уақытқа кейінге шегеріліп, Макарска қаласынан мәреге дейін 43 шақырым жерде қайта басталды.

«Ауа райы өте қауіпті болды, сондықтан төрешілердің жарысты тоқтата тұрып, орнын ауыстыру туралы шешімдері дұрыс еді. Біз шабандоздарды жаңа жерге әкеліп, жылдам 40-50 минутқа жаттығу ұйымдастырып жібердік, сондықтан спортшыларымыз жарысты жаңартуға толықтай дайын болды. Біз бұл маусымның соңында тағы бір әдемі жеңіске қол жеткізгеніміз үшін ризамыз және осы жеңісімізді демеушілерімізге, соның ішінде, бас әріптес «Самұрық-Қазынаға» арнағымыз келеді», - деді «Астананың» спорттық директоры Сергей Яковлев.

Бұл жеңісінің арқасында Евгений Гидич «Хорватия турының» үздіктері қатарына енді. Ол Алекс Эдмондсты 6 секундқа, Грег Болені 10 секундқа артқа тастады. Ал Андрей Зейц пен Давиде Виллелла сәйкесінше 10 және 11 орындарға орналасты. «Астана» жалпы командалық есепте алда кете жатыр. «Хорватия турының» төртінші кезеңі бүгін Стариградадан Горски-Котарға дейінгі 155 шақырымда өтетін болады.

Соңғы жаңалықтар