Қазақстандық вакцинаны ресейлік екпемен салыстыру қисынсыз - ғалым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ДСМ Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Александр Гуляев коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина мен ресейлік «Спутник V» екпесінің айырмашылығы туралы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«QazCovid-In вакцинасын зерттеу жыл бойы жүргізілді. Клиникалық зерттеулер қыркүйек айында басталды. Бастапқыда 44 ерікті осыған қатысқан болатын. Клиникалық зерттеудің бірінші фазасы вакцинаның қауіпсіздігін зерттеуге қатысты еді. Нәтижесінде, 180 күн бойы жүргізілген байқау кезінде ешқандай күрделі теріс әсерлер тіркелмеді. Вакцина қауіпсіз деп танылды», - деді А. Гуляев Орталық коммуниукациялар қызметінде.

Сонымен қатар ол екінші кезеңде вакцинаның клиникалық тиімділігі зерттелгенін, оған 200 ерікті қатысқанын еске салды.

«180 күн бойы вакциналау жасалғаннан кейін, қалыптасатын антиденелер деңгейі тексеріліп тұрды. Вакцина жоғары тиімділікті көрсетіп, екпе жасалған әрбір жағдайда антиденелер қалыптасып отырды. Үшінші кезең 2020 жылдың 25 желтоқсанында басталды. Бұл ретте зерттеумен 3 000 адам қамтылды және ол 180 күнге созылады. Үшінші фазаның өтуіне қатысты аралық есеп жақын арада болады», - деді ғалым.

Сраптама жүргізу ережесіне сәйкес, 31 желтоқсанда QazCovid-In вакцинасы уақытша тіркеу куәлігін алды. Бұл өз кезегінде вакцинаны зерттеуді кеңейтіп, оның өндірісін жеделдетеді.

«Qaz Covid-in - инактивтелген екпе. Бұл тұрғыда ол ресейлік вакцинадан өзгеше. Ресейлік екпе антиденелер қалыптасуын бастаушы ақуызды құрайды. Осы вакциналарды тікелей салыстыру қисынсыз. Тікелей салыстыру барлық үш фазаның зерттеу мәліметтері алынғанда мүмкін болады. Сол кезде бұл вакциналардың басымдығы немесе кемшілігі туралы түсінік беріледі», - деді сарапшы.

Осы орайда ол үш фазаның толық клиникалық зерттеуі әлемде жүргізілмегенін айтты.

«Жалпы ахуал реттеуші органдарға уақытша тіркеулерді беруге және вакциналау жүргізуді бастауға итермелеп отыр. Бұл өз кезегінде қандай да бір қауіпсіздік ережелері ескерілмей жатыр дегенді білдірмейді. Жапония, АҚШ, Еуропада және Қазақстанда вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау қадамдарында ешқандай айырмашылық жоқ. Осы бағыттағы жұмыстар айтарлықтай ұзақ процесс», - деді ғалым.

Александр Гуляевтің айтуынша, қазіргі уақытта ҚР ДСМ Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына вакциналардан жағымсыз күрделі әсері туралы ақпарат келіп түспеген.


Соңғы жаңалықтар