Қазақстандық вакциналарды жасауға бөлінген қаржы қалай жұмсалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін ақ тышқандардан бастап макака маймылына дейін сатып алынды. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Qazcovid-in қазақстандық вакцинасы туралы» брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр коронавирусқа қарсы 5 вакцина шығаруға 1,5 млрд теңге бөлінді. Әр вакцинаға осынша бөлінді деп айта алмаймыз, себебі бұл біртұтас бағдарлама. 5 вакцинаны да Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты дайындап жатыр», - деді ҚР БҒМ ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева.

Оның айтуынша, 1,5 млрд теңгеге алдымен қажетті реагенттер сатып алынды.

«Сондай-ақ, зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін ақ тышқандардан бастап макака маймылына дейін сатып алынды, себебі бізде осылай зерттеу жұмысын жүргізуге арналған жануарларды өсіретін арнайы орындар жоқ. Вакцинаға керекті бірде бір реагент елімізде өндірілмейді, сондықтан шетелден сатып алынды. Реагенттер өндіретін ұйымдар әлем бойынша көп емес. Бүкіл әлемдегі ғылыми ұйымдар реагент өндіретін ұйымдарға кезекке тұрады. 1,5 млрд теңгенің ішіне ғалымдардың жалақысы да кіреді, сонымен қатар зерттеу жұмысына қажетті басқа да заттар сатып алынды. Керекті құрылғыларға 800 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Олар басқа бюджеттік бағдарлама бойынша сатып алынды», - деп атап өтті Жанна Құрманғалиева.


Соңғы жаңалықтар