Қазақстандық вакцина: Клиникалық зерттеулер, ғалымдардың жалақысы және жануарлар вакцинасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық QazVac (QazCovid-in ) вакцинасы клиникалық зерттеулердің соңғы үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Оған 3 мың ерікті қатысып, вакцинаны 21 күндік аралықпен 2 рет алды. Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрлігі Орталық коммуникациялар қызметінде отандық вакцина туралы өзекті сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отандық вакцинаны е ріктілерге сынау қалай өтіп жатыр

«Қазіргі уақытта 244 еріктіге жасалған клиникалық зерттеулердің 1-2 фазасы аяқталуда және 3 000 еріктіге жасалған үшінші кезеңнің клиникалық зерттеулерінің 50%-ы 15 сәуірде аяқталады. Клиникалық зерттеулер хаттамасына және денсаулық сақтау министрлігінің, ДДҰ талаптарына сәйкес клиникалық зерттеулер жүргізудің белгілі бір мерзімдері бар екенін түсінуіміз керек. Ал клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңінде кем дегенде 70 күн болуы керек. Сондықтан мұнда бәріміз шыдамдылық танытып, түпкілікті нәтижені күтуіміз керек. Дегенмен, 15 сәуірде үшінші кезеңнің 50%-ына қол жеткізілетіндіктен, бүгін біз атқарылған жұмыстың кейбір нәтижелерін бөліскіміз келеді», - деді вице-министр ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.

Екпе алған еріктілер вакцинаның өзін де, плацебосын да салдырған.

«Яғни, бізде «соқыр» рандомизацияланған зерттеу қолданылады, еріктінің өзі бұл жағдайда нақты вакцина немесе плацебо алғанын білмейді, тиісінше өздері мән-жайды білмейінше еріктілер туралы мәліметтерді көрсете алмаймыз, тіпті мен министрдің орынбасары ретінде вакцинаны немесе плацебоны кім алғанын білмеймін. Мұның бәрін деректерді жариялап, құжаттарды Денсаулық сақтау министрлігіне бергеннен кейін білеміз», - деп түсіндірді ол.

QazVac қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы есеп әзірленеді

«Алматы және Тараз қалаларында тиісті GCP сертификаттары бар клиникаларда зерттеу жүріп жатыр. Барлық еріктілер апта сайын дәрігерлерге денсаулығының жай-күйі туралы хабарлайды, клиникаларға үнемі келіп тұрады, оларды дәрігерлер бақылайды және еріктілерден вирусқа тән антиденелерге де, бейтараптандыратын антиденелерге де сынама алынады», - деді вице-министр.

Спикердің айтуынша, биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты вакцинаның қауіпсіздігі туралы есеп дайындады.

«Есеп Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі және вакцинаның тиімділігі туралы да есеп әзірленеді. Мұнда біз еріктілерді клиникалық базаларымызға шақырамыз, олардан сынамалар аламыз және осы сынамаларды өңдеу нәтижелері бойынша тиімділікке байланысты түпкілікті деректер көрінетін болады», - деп түсіндірді М.Дәуленов.


Қазақстандық суббірлікті вакцина клиникалық зерттеулер сатысында

«Институт вакцинаның басқа да түрлерін әзірлейді. Сондай вакциналардың бірі – суббірлікті (рекомбинантты) вакцина клиникалық зерттеу сатысына жетті. Денсаулық сақтау министрлігі рұқсат берген соң, көп ұзамай жұмыс басталады. Біз бірнеше платформаларда жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстандық инактивацияланған вакцина, іс жүзінде үшінші фазаның 50%-ы осы белгіге жақындады», - деді вице-министр Мирас Дәуленов.

Оның айтуынша, 19 наурызда биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты британдық және оңтүстікафрикалық КВИ штамдарын алған. ҒЗИ поливалентті вакцина жасау бойынша да жұмыс істеп жатыр.

«Осы бағытта қандай жұмыс атқаратынымыз туралы сұрақтар туындады. Институт поливалентті жаңа вакцинаны жасау үстінде. Яғни, біз осы штамдарды зерттеп жатырмыз және болашақта бұл штамдар біздің вакциналарымызды жетілдіруде қолданылады. Мұндай вакциналар негізінен поливалентті – тұмауға қарсы вакциналар болады. Себебі тұмау үнемі мутацияланып отырады және вакцинаның тиімділігін арттыру үшін үнемі жақсы нәтиже іздеу керек», - деді М. Дәуленов.

Жануарларға арналған коронавирус вакцинасы жасалады

Сонымен бірге, брифингте Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының жануарларға арналған коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеу туралы жоспары айтылды.

«Институт (БҚМҒЗИ) алдына жануарларға арналған COVID-19 қарсы вакцинаны әзірлеу міндеті қойылды. Жануарлардың да ауру жұқтыра алатынын және тасымалдаушы бола алатынын білеміз. Олардың адамдарға ауру жұқтырмауы үшін осындай вакцина қажет. Сондықтан институт алдына осы міндет қойылып отыр», - деді вице-министр Мирас Дәуленов.

Вакцина әзірлеген ғалымдардың жалақысы көтеріліп, баспана беріледі

Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева вакцина әзірлеп жатқан Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының жұмыс жағдайын айтып берді.

«Ғалымдардың еңбекақысын көтеруге қаражат бөлінді. Республикалық бюджет комиссиясы жақында өтті және бұл шараны қолдады. Институттың ғылыми қызметкерлерінің орташа жалақысы 325 мың теңгеден басталады. Әкімшілік және қызмет көрсету персоналының жалақысы 250 мың теңгеге дейін болады», - деді Ж. Құрманғалиева.

Ол биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін ғылыми зерттеуге 2022-2024 жылдары 2,8 миллиард теңге (жылына миллиард теңгеден) бөлінгенін атап өтті.

«Институт жанында ҒЗИ қызметкерлеріне арналған үш үй, жалпы көлемі 180 пәтер салынып жатыр. Жуырда ғана осы 180 пәтерге тұрмыстық техника, жиһаз және өзге де жабдықтар сатып алуға республикалық бюджеттен 293 миллион теңге бөлінді. Біздің ғалымдар мен институт қызметкерлері осы пәтерлерге кіргенде жайлы өмір сүру үшін барлық қажетті заттармен қамтамасыз етіледі», - деп атап өтті Ж.Құрманғалиева.


Вакцинадан кейін антидене қанша уақыт сақталады

Ал ҚР Білім және ғылым министрлігі Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария қазақстандық вакцинадан кейін антидене қанша мерзім сақталатыны туралы сұраққа жауап берді.

Спикерге «Спутник-V» вакцинасы ағзаға вирусты екі жылға дейін жолатпайды. Яғни, екі жыл бойы антидене қалыптасады деп жатыр. Ал QAZVAC күші қанша уақытқа жетеді?» деген сұрақ қойылды.

«Спутник-V» екі жыл иммундық жауапты ұстап тұруы үшін екі жыл бойы оны тексеру керек. Бүгінгі күні бұл зерттеулердің жүргізілгеніне тек қана бір жыл болды. Сондықтан, оны нақты айту қиын. Біздің вакцинамыз туралы толық ақпаратты клиникалық зерттеудің үшінші фазасы аяқталған соң айта аламыз. Дегенмен ең басында ғалымдардың өзі вакцина салған сәттен бері тоғыз ай өтті. Тоғыз айдың ішінде иммундық жауап жоғары болып тұр», - деп жауап берді К. Закария Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Қазақстандық вакцинаның артықшылықтары қандай

«Отандық вакцинаның параметрлері бойынша мынаны мәлімдеймін: вакцина сенімді, уақытша әзірлеу технологиясымен тексерілген. Ондағы барлық компоненттер соңғы 60 жыл ішінде зерттелген және қауіпсіз. Жаңа компонент – бұған дейін айтқанымыздай, SARS-CoV-2 вирусының өзі. Біздің технологиямыздағы вирус химиялық жолмен «өлтірілген» (инактивтендірілген). Иммундық реакцияны күшейту үшін оған адъювант (алюминий тұздары) қосылады. Вакцинаны әзірлеудегі инактивтендірілген технологияның артықшылығы –технология жылдар бойы тексерілген, барлық компоненттер сенімді және қауіпсіз. Олар вакцинамен байланысқан ауруларды тудырмайды және гуморальды, жасушалық иммунитетті сенімді түрде қоздырады. Айырықша ерекшеліктері – күрделі техниканы, күрделі тоңазытқыш қондырғыларды талап етпейтін жетілдірілген жеткізу әдістері бар және тоңазытқышта плюс 2-8 градус температурада тасымалданады», - деп түсіндірді Күнсұлу Закария.

Сонымен бірге, ҒЗИ басшысы екі компонентпен егілгеннен кейінгі ағзадағы антиденелердің құрамы бойынша алдын ала деректерді баяндады.

«Клиникалық зерттеулердің бірінші және екінші фазаларының нәтижесі бойынша QazCOVID-in вакцинасын алған адамдарда бірінші вакцинадан кейін 2-ден 16-ға дейінгі титрде вирусты бейтараптандыратын антиденелердің пайда болуы байқалады. Екінші вакцинадан кейінгі деңгей тұрақты өсуде. Орташа геометриялық титр – 99,5. Осылайша, қазақстандық вакцинаның жоғары имунностимуляциялық белсенділігін көруге болады», - деді Күнсұлу Закария.


Отандық вакцина не себепті Түркияда құйылуы мүмкін

Сөз соңында ҒЗИ бас директоры Күнсұлу Закария қазақстандық вакцинаның не себепті өзге елде құйылуы мүмкін екенін түсіндірді.

Спикерге «Отандық вакцинаны не себепті Түркияда құюға, қаптама жасауға мәжбүрміз? Қарағандыда вакцинаның ресейлік нұсқасын сол процестен өткізіп жатқан жоқ па?» деген сұрақ қойылды.

«Институттың негізгі мақсаты – вакцинаны әзірлеп шығару. Бүгінгі күні зауыт Қазақстанда әлі жоқ, зауытымыз соғылып жатыр. Қарағандыға келсек, бүл жерде келесі айырмашылық бар: Біздің инактивтелген вакцинамыз таза вирустан пайда болады, содан жасалады. Ол екінші топ патогендікке жатады. Екінші топқа жататын патогенді вируспен қаланың не үлкен мегаполистің ішінде жұмыстарды өткізуге болмайды. «Спутник-V» технологиясына келсек, оның ішінде негізгі зат біздің SARS-CoV вирусы емес, вирустың ішіндегі кішкене ғана ақуыз, оны тасымалдайтын аденовирус вируленттігі төртінші топқа жатады. Төртінші топқа жататын вирустармен қала ішінде жұмыс істеуге болмайды. Ал енді Түркия немесе басқа зауытта толтыру мәселесі нақты шешілген жоқ. Бізге Үкімет қай жерге апарып, әзірлеу керек десе, сол жерге барып әзірлейміз. Оның себебін басында айттым, үлкен көлемдегі вакциналарды бізде құятын «алаң» жоқ», - деді Күнсұлу Закария.

Қазақстандық вакцинаның артықшылықтары қандай

«Отандық вакцинаның параметрлері бойынша мынаны мәлімдеймін: вакцина сенімді, уақытша әзірлеу технологиясымен тексерілген. Ондағы барлық компоненттер соңғы 60 жыл ішінде зерттелген және қауіпсіз. Жаңа компонент – бұған дейін айтқанымыздай, SARS-CoV-2 вирусының өзі. Біздің технологиямыздағы вирус химиялық жолмен «өлтірілген» (инактивтендірілген). Иммундық реакцияны күшейту үшін оған адъювант (алюминий тұздары) қосылады», - деді К. Закария.

Спикер коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны әзірлеудегі технологияның артықшылықтарын атады.

«Вакцинаны әзірлеудегі инактивтендірілген технологияның артықшылығы –технология жылдар бойы тексерілген, барлық компоненттер сенімді және қауіпсіз. Олар вакцинамен байланысқан ауруларды тудырмайды және гуморальды, жасушалық иммунитетті сенімді түрде қоздырады. Айырықша ерекшеліктері – күрделі техниканы, күрделі тоңазытқыш қондырғыларды талап етпейтін жетілдірілген жеткізу әдістері бар және тоңазытқышта плюс 2-8 градус температурада тасымалданады», - деп түсіндірді ҒЗИ бас директоры.

Сонымен бірге, К. Закария екі компонентпен егілгеннен кейінгі ағзадағы антиденелердің құрамы бойынша алдын ала деректерді баяндады.

«Клиникалық зерттеулердің бірінші және екінші фазаларының нәтижелері бойынша QazCOVID-in вакцинасын алған адамдарда бірінші вакцинадан кейін 2-ден 16-ға дейінгі титрде вирусты бейтараптандыратын антиденелердің пайда болуы байқалады. Екінші вакцинадан кейінгі деңгей тұрақты өсуде. Орташа геометриялық титр – 99,5. Осылайша, қазақстандық вакцинаның жоғары имунностимуляциялық белсенділігін көруге болады», - деді Күнсұлу Закария.


Соңғы жаңалықтар