Қазақстандық Үндістаннан тырысқақ жұқтырып келді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Үндістанға демалуға барған тағы бір ер адам тырысқақ ауруын жұқтырып келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Қоғам денсаулығын  қорғау департаментінің мамандарының айтуынша, 5 адамның барлығы Үндістанның Гоа штатында демалып келген.

35 жастағы ер адам шетелге өзінің досымен бірге барған.  Қазақстандықтар Үндістанда жүргенде-ақ денсаулықтары сыр бере бастайды.

Айтуларынша, олар сергіткіш сусын ішіп, жағажайда демалған. Шикі теңіз өнімдерімен жеген.

«Қазір ер адам жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Пациенттің беті бері қарады. Оның қасындағы жолдасында диагноз расталмады», - деді департаменттің Аса қауіпті және карантинді жұқпаларға эпидемиологиялық қадағалау жүргізу бөлімінің басшысы Саят Қауметбаев.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Үндістаннан осымен 5 адам тырысқақ жұқтырып келген. Былтыр Нью-Дели қаласына демалуға барған 5 адам да осы сырқатпен ауырған.  

Мамандар жұмыс бабымен немесе қысқы демалысын Үндістанға жоспарлаған адамдарға сақ болуды ескертеді.

«Тропикалық елге баратын адамдар ең алдымен жеке бас гигиенасын сақтауы тиіс. Сонымен қатар, таза су, таза тағам ішу керек. Жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынаста болмауға кеңес береміз. Профилактика ретінде антибиотик қабылдағаны жөн», - деді Саят Қауметбаев.

Оның айтуынша, алматылықтарға алаңдауға еш негіз жоқ. Науқас адамдардың барлығы оқшауланып, жұқпаның жұғу ықтималдығы төмендетілді.

Соңғы жаңалықтар