Қазақстандық түркологтар «Вильгельм Томсен» медалімен марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 3 қазан – Түркі ынтымақтастығы күніне орай және Нахчыван келісімінің 10 жылдығы аясында Қазақстанның түрколог-ғалымдары Мырзатай Жолдасбеков пен Әділ Ахметов марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық Түркі академиясының жоғарғы наградасы саналатын «Вильгельм Томсен» медалі түркология саласының дамуына айрықша үлес қосқан ғалымдарға беріледі.

«Мырзатай Жолдасбеков «Күлтегінді» Қазақстанға әкелген, ең бастысы Күлтегін жазуын алғаш оқыған. Томсонның жолын жалғастырып, Күлтегінді, Білге Қағанды, Тоныкөкті «сөйлеткен», біздің түркологияның басында тұрған үлкен тұлға. Дәл осындай марапатты Түркі әлемінің кеңістігін Алтайдан асырып, Америкадағы үндістерге жалғап жүрген, қазір Скандинавияда викингтердің ізін зерттеп, әрі қарай Шотландиямен, саксондармен байланысын лингвистикалық тұрғыда зерттеп жүрген ғалым, түрколог Әділ Ахметовке тапсырғымыз келеді», - деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі елордада Нахчыван келісімінің 10 жылдығына арналған жиында.

Сонымен бірге, Академия басшысы жиын барысында Түркия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Невзат Уяныкқа арнайы құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан президенттері қол қойған тарихи құжат – Нахчыван декларациясына 10 жыл толды. 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесін құру идеясы іске асты. Елбасының идеялары негізінде Түркітілдес елдер ынтымақтастық кеңесі мен Түркі академиясын құру туралы құжат қабылданды.

https://kaz.inform.kz/news/nahchyvan-deklaraciyasyna-10-zhyl_a3571617

Биыл Өзбекстан Республикасы Түркі Кеңесінің толыққанды мүшесі атанды. Осылайша, Түркі кеңесінің құрамындағы мемлекеттердің саны беске жетті. Олар: Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Түркия және Өзбекстан. Сондай-ақ Мажарстан ұйымның бақылаушы елі мәртебесіне ие.

https://kaz.inform.kz/news/ozbekstan-turki-kenesinin-tolykkandy-mushesi-boldy-bagdad-amireev_a3566037

Соңғы жаңалықтар