Қазақстандық түлектерге Түркияның Құрлықтағы әскерлер училищесінің дипломдары тапсырылды

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 11  қыркүйек. ҚазАқпарат - Анкарада Қазақстанның Түркиядағы Елшісі  Жансейіт Түймебаев Түркия Республикасының Құрлықтағы әскерлер училищесінің жас офицерлеріне дипломдарды тапсыру рәсіміне қатысты.

Бұл курсанттардың 163-ші шығарылымы. Биыл аталмыш әскери оқу орнын 536 түлек аяқтады. Олардың арасында Қазақстан, Әзірбайжан, Албания, Ауғанстан,  Босния, Иордания, Корея және Қырғызстанның өкілдері бар.

Дипломдарды тапсыру рәсіміне Түркия Республикасы Парламентінің төрағасы Ж.Чичек, ТР Премьер-министрі Т.Ердоған,  ТР ҚК Бас штабының басшысы, армия генералы Н.Өзел, ТР Ұлттық қорғаныс министрі И.Йылмаз, Түркия Қарулы Күштері түрлерінің қолбасшылары, Түркияда тіркелген Төтенше және Өкілетті Елшілер мен шетелдік мемлекеттердің Әскери атташелері қатысты.

Таратылған ақпаратқа сәйкес, Түркия президенті А.Гүл дипломдарды тапсыру рәсіміне науқастануына байланысты қатыса алмады.

Оқудағы жоғары көрсеткіштері, мемлекеттік емтихандарды тапсырудағы үздік нәтижелері және әскери училищенің қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін әскери училищенің 14 түрік лейтенанты Түркия Республикасының әскери-саяси басшылығының дипломдарын алды.

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі, лейтенант Азамат Сапарұлы Аягөзовқа үздік бітіргені туралы дипломды тапсырды. 

Сондай-ақ Түркия Республикасының Құрлықтағы әскерлер училищесін бітіргені туралы дипломды казақстандық, лейтенант Аслан Әділбайұлы Жөкеев алды.

Қазақстан дипмиссиясының басшысы отандастарымызды оқуды аяқтағандарымен және кезекті «лейтенант» әскери шенін алғандарымен құттықтады. Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде кәсіби жетістіктер мен табыстар тіледі.

Қазіргі уақытта Түркияның әскери оқу орындарында ҚР Қарулы Күштерінің 70-тен астам әскери қызметшісі оқып жатыр.

Соңғы жаңалықтар