Қазақстандық түлектерге грант саны туралы ақпарат беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық мектеп бітірушілерге ұлттық бірыңғай тестілеу сертификатымен бірге мемлекеттік грант саны туралы ақпараттық анықтама беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

«ҰБТ қорытындысы бойынша сертификатпен бірге түлектерге қай мамандыққа қанша мемлекеттік грант бөлінетіні туралы ақпараттық анықтама береміз. Бұл Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілетін өте пайдалы ақпарат, бұл арқылы мектеп бітіруші мемлекеттік конкурсқа құжат тапсырарда дұрыс таңдау жасайды деп үміттенеміз. Олардан алдын ала мемлекеттік грант алуда қандай мүмкіндіктерге ие екенін бағамдап, ата-аналарымен ақылдасуын сұраймыз», - деді Рамазан Әлімқұлов.

Айта кетейік, 2018 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым - 1 шілде аралығында өтеді. Тестілеуге республика бойынша биыл 102 мың адам қатысады. Оның 75,4% немесе 77 243 түлек тестілеуді қазақ тілінде, 25 178 түлек (24,6%) - орыс тілінде және 46 түлек - ағылшын тілінде тапсырады.

Бұған дейін Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында менингиттен қорғану шаралары жүргізілетінін хабарлаған еді.

Соңғы жаңалықтар