Қазақстандық теннисшілердің «Ролан Гаррос» турниріндегі қарсыластары белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисшілердің «Ролан Гаррос» турниріндегі қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үлкен дулыға» турнирінің бірі - Франция ашық чемпионатына әйелдер арасында жекелей сында Юлия Путинцева мен Зарина Дияс қатысады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 64-орындағы швециялық Ребекка Петерсонмен ойнайды.

Әлемнің 90-ракеткасы Зарина Дияс турнирге лаки лузер ретінде арнайы шақырту алған, рейтингте 288-сатыда тұрған франциялық Одри Албимен кортқа шығады.

Әрине, Путинцеваға қарағанда, Заринаға оңай қарсылас түсті деп айтуға болады. Алайда кейде жеме-жемге келгенде, рейтингке де қарамайды. Әрі О.Алби корт иесі болғандықтан, барын салатыны анық.

Ю.Путинцева мен З.Диястың қатарына тағы бір қазақстандық Елена Рыбакина қосылуы мүмкін. Ол үшін Рыбакина іріктеу сайысының финалында жапониялық Нао Хибиноны ұтуы керек.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 47-ракеткасы Михаил Кукушкин бастапқы кездесуін рейтингте 54-орындағы словакиялық Мартин Клижанмен өткізеді.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 90-ракеткасы Александр Бубликтің қарсыласы әзірге анықтала қойған жоқ.

Қазіргі кезде іріктеу сайыстары өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирі әйелдер арасында 8 маусымда, ерлер бәсекесінде 9-ында мәреге жетеді.

Әлем чемпионатымен тең саналатын «Үлкен дулыға» турнирінің жүлде қоры аса қомақты. Сондықтан онда табысты өнер көрсеткен теннисшінің қанжығасы да майланады, рейтингте де орны жоғарылайды.

Өткен жылы осы турнирде Ю.Путинцева ширек финалға дейін жетсе, З.Дияс екінші айналымнан аса алмаған болатын. М.Кукушкин бірінші кездесуінде-ақ жеңіліс тапқан еді. Теннисшілер ұпайларын жоғалтпауы үшін кемінде өткен жылғы жетістіктерін қайталауы қажет.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Нюрнберг турнирінің, Галина Воскобоеваның жұптық сында Страсбург жарысының жартылай финалына, тағы бір қазақстандық Елена Рыбакинаның «Ролан Гаррос» турнирі іріктеу сайысының финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар