Қазақстандық теннисшілердің Ролан Гаррос турниріндегі қарсыластары белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Ролан Гаррос турнирінің жеребесі тартылып, қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 53-інші ракеткасы Зарина Дияс 67-інші орында тұрған Польша елінің өкілі Магда Линетпен кездеседі. 1992 жылғы, Заринадан бір жас үлкен М.Линетт - басқа турнирлерді айтпағанда, биыл Австралия ашық чемпионатында біршама сәтті өнер көрсетіп, үшінші айналымға дейін жеткен спортшы. Бір қызығы, осы «Үлкен дулыға» турнирінде Заринамен бірге жұптық бәсекеде екінші айналымға дейін жеткен. Сондықтан бір-бірінің сырын жақсы біледі деп айтуға болады. Енді жекелей сында қайсысының бағы жанатынын корт көрсетеді.

Әлемнің 93-інші ракеткасы Юлия Путинцеваға жеребе онша жолдас бола қойған жоқ. Ол бастапқы кездесуінде әлемнің 22-інші ракеткасы, ұлыбританиялық Йоханна Контамен кортқа шығады. Дегенмен Нюрнберг турнирінде Ю.Путинцеваның әлемнің 10-ыншы ракеткасы, америкалық Слоан Стивенсті жеңгенін ескерсек, психологиялық жағынан дайындалып, бар шеберлігін сала білсе, кім-кімнен де қаймықпауға болады. 

Ерлер арасындағы бәсекеде Қазақстанның бірінші, әлемнің 91-інші ракеткасы Михаил Кукушкин алғашқы айналымда рейтингте 36-ыншы орында тұрған испаниялық Альберт Рамоспен шеберлік байқасады.

Өткен жылы Ролан Гаррос турнирінде Ю.Путинцева үшінші айналымға дейін жетсе, З.Дияс оған қатысқан жоқ. Ал М.Кукушкин екінші айналымға дейін бара алды. Жалпы, қазақстандықтардан Ярослава Шведова ғана 2012 жылы Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына дейін жетіп, үздік нәтиже көрсетті. Бірақ ол қазір ойнап жүрген жоқ.

Франция ашық чемпионаты немесе Ролан Гаррос турнирі - биылғы жылдағы екінші «Үлкен дулыға» додасы. Яғни жүлде қоры ең көп төрт үлкен сайыстың бірі. Сондықтан онда сәтті өнер көрсеткен спортшылар көбірек ұпай жинап, рейтингін жақсартумен бірге қомақты табыс таба алады.

Қазіргі кезде Франция чемпионатының іріктеу сайыстары өтуде.

Еске сала кетейік, З.Дияс, Ю.Путинцева және М.Кукушкин осы Ролан Гаррос алдындағы дайындық есебінде сәйкесінше Страсбург, Нюрнберг, Лион турнирлеріне қатысып, кеше ғана жарыс жолынан шығып қалғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар