Қазақстандық теннисшілердің Аустралия чемпионатындағы қарсыластары белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мельбурн қаласында теннистен Аустралия ашық чемпионатының жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аустралия ашық чемпионаты - жыл сайын өтетін төрт «Үлкен дулыға» турнирінің ең біріншісі.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы, жуырда 24-ке толған Юлия Путинцева осынау айтулы доданың алғашқы айналымында дүниежүзілік рейтингте 32-орында тұрған, биыл 33-ке толатын тәжірибелі чехиялық теннисші Барбора Стрыцовамен кездеседі.

Рейтингте 98-сатыда тұрған Зарина Дияс бастапқы матчын сербиялық, әлемнің 60-ракеткасы Александра Круничпен өткізеді. Бұлардың екеуі де бір жылдың төлі, 25 жаста. Қазіргі кезде қайсысы мықты екенін корт көрсетеді.

Ерлер арасындағы жекелей сынға Қазақстаннан әлемдік рейтингте 56-сатыда тұрған Михаил Кукушкин ғана қатысады. Оның да қарсыласы осал емес. Әлемнің 30-ракеткасы, Франция елінің өкілі - Люка Пуи.

Өткен жылғы Аустралия ашық біріншілігінде Ю.Путинцева екінші, З.Дияс пен М.Кукушкин алғашқы айналымнан аса алмаған болатын.

Ю.Путинцева осыған дейін Сидней турнирінде барынша табысты өнер көрсетіп, US Open турнирінің 2017 жылғы жеңімпазы, америкалық Слоан Стивенсті ұтып, ширек финалға дейін жеткен еді. Бір қызығы, дәл осы жарыстың іріктеу сайысында З.Дияс Б.Стрыцованы 7:5, 1:6, 6:4 есебімен ұтып, кейін өзінің отандасы Ю.Путинцеваға жол берген еді.

Енді Аустралия ашық чемпионатында қай теннисші де сәтті ойнап, өткен жылғы көрсеткіштерінен асып түссе, ақшалай табыс өз алдына, көбірек ұпай жинап, рейтингіде жоғарылауға мүмкіндік алады.

Қазіргі кезде іріктеу сайыстары өтіп жатқан аталмыш дода 27 қаңтарда мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Александр Недовесовтің Аустралия ашық чемпионаты іріктеу сайысының финалына, ал Ю.Путинцеваның Сидней турнирінің жартылай финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар