Қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингідегі орындары анықталды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингідегі орындары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жария еткеніндей, қазақстандықтар Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева өздерінің сәйкесінше 22-інші және 52-орнын сақтап қалды.

Әлемдік рейтингіде Польша өкілі Ига Швентек көш бастаса, тунистік Онс Жабер екінші, америкалық Джессика Пегула үшінші орында.

Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина 11-сатыда қалса, Жібек Құламбаева 204-тен 203-ке көтерілді.

Чехиялық Катерина Синякова жұптық сында бұрынғыша алдына жан салмаса, ресейлік Вероника Кудерметова мен тағы бір чехиялық Барбора Крейчикова үздік үштікте келеді.

Ерлер арасында кәсіби теннисшілер қауымдастығының (ATP) жаңартылған рейтингісінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 37-орнында бекісе, Тимофей Скатов 142-ден 146-ға сырғыды.

Мұнда испаниялықтар Карлос Алькарас пен Рафаэль Надаль және норвегиялық Каспер Рууд үздік үштікте тұр.

Жұптық сында Андрей Голубев 48-ден 47-ге жоғарыласа, Александр Недовесов 53-те қалды, А.Бублик 172-ден 173-ке төмендеді.

Жұптық сында Нидерланд өкілі Уэсли Колхоф пен ұлыбританиялық Нил Скупски және америкалық Раджив Рам бұрынғыша алда келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның қазақстандықтардың қолдауын сезінетіні туралы айтқанын жазған болатынбыз.

Елена Рыбакина сондай-ақ әлемнің «Жыл ойыншысы» атағына үміткер атанды.

Қазақстандық жас теннисші Испаниядағы турнирдің абсолютті чемпионы атанды.

Новак Джокович алтыншы рет ATP қорытынды турнирінің чемпионы атанды.

Фото: Jeff Dean / AP Photo


Соңғы жаңалықтар