Қазақстандық теннисшілер Ролан Гаррос турнирінің финалында жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Александр Бублик пен Андрей Голубев жұптық сында Ролан Гаррос турнирінің финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық жұп финалда франциялықтар Пьер-Юг Эрбер – Николя Маюмен күш сынасты.

Франциялық жұп осыған дейін «Үлкен дулыға» турнирінің финалында алты рет ойнап, соның төртеуінде жеңіске жеткен екен.

Бірінші партияда қазақстандықтар есесін жібермеді – 6:4.

Екінші сетте брейк жасаған корт иелері 3:1 есебімен алға шыққанымен, Бублик пен Голубев сол бойда қарымта қайырды – 3:3. Есеп 4:4 болғанда, қазақстандықтар тағы бір брейкке қол жеткізді – 5:4. Дегенмен А.Бублик матчқа доп бергенде, қазақстандық жұп сол мүмкіндікті пайдалана алмады – 5:5. Ақыры тай-брейкте франциялықтар әбжілдік танытты – 7:6 (7:1).

Шешуші, үшінші партияда есеп 3:3 болған мезетте жанкүйерлері қолдаған франциялық жұп брейк жасап кетті. Содан кейін матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.

Тартысты бәсеке 2 сағат 10 минутқа созылды.

Дегенмен ерлер арасында қазақстандық жұп алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің финалына дейін жетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Т.Скатовтың Алматы жарысының финалына шыққанын, Д.Попконың осы турнирдің финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.

Есесіне қазақстандық теннисші Братиславадағы турнирде чемпион атанды.

Соңғы жаңалықтар