Қазақстандық теннисшілер Ролан Гаррос турнирінде қанша табыс тапты

None
Фото: ktf.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисшілердің Ролан Гаррос турнирінде қанша табыс тапқаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Франция ашық чемпионатында барлығы жеті қазақстандық теннисші бақ сынады.

Ролан Гаррос жарысының биылғы жүлде қоры 49,6 млн еуро болса, қазақстандық ойыншылар барлығы 485 мың еуро (234,4 млн теңге) табыс тапты.

Юлия Путинцева — 150 500 еуро (8 500+142 000).

Табыс табу жөнінен Юлия Путинцева алда тұр. Ол жекелей сында үшінші айналымға дейін жетті. Жұптық сында ресейлік Камилла Рахимовамен бірге алғашқы айналымнан аса алмады.

Елена Рыбакина — 142 000 еуро.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жекелей сында үшінші айналымға дейін жеткенімен, сырқаттанып қалуына байланысты жарысты жалғастыра алмады. Жұптық сында ол бәсекеге түскен жоқ.

Александр Бублик — 77 500 еуро (8 500+69 000).

Қазақстанның ерлер арасында бірінші ракеткасы А.Бублик жекелей және жұптық сында да алғашқы айналымнан аса алмады.

Тимофей Скатов — 69 000 еуро.

Ролан Гаррос турниріне алғаш рет қатысқан Т.Скатов бірінші кездесуінде сүрінді.

Александр Недовесов — 21 500 еуро.

А.Недовесов мексикалық Мигель Анхель Рейес-Вареламен бірге жұптық сында үшінші айналымға дейін жетті.

Анна Данилина — 16 000 еувро (2 500+13 500).

А.Данилина микст пен жұптық сында өнер көрсетті. Ол мексикалық Сантьяго Гонсалеспен бірге миксте бастапқы кездесуінде жеңіліп қалды. Ал мажарстандық Тимея Бабошпен бірге екінші айналымда қарсыластарына есе жіберді.

Андрей Голубев — 8 500 еуро.

А.Голубев эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге жұптық сында алғашқы ойынында жарыстың бірінші ракеткалары, нидерландылық Уэсли Колхоф – ұлыбританиялық Н.Скупскиге тап болып, ұтылып қалды. Кейін осы дуэт А.Недовесов пен М.-А.Рейес-Варелаға да тосқауыл қойды.

Ролан Гаррос додасы одан әрі жалғасуда. Өкінішке қарай, қазақстандықтардан ешкім де екінші аптаға жете алмады. Әсіресе, Қазақстанның көшбасшы ойыншысы Елена Рыбакинаның ауырып қалғаны оның табысты өнер көрсетуіне мүмкіндік бермеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Босниядағы турнирдің финалына шыға алмағанын жазған едік.

Сондай-ақ Елена Рыбакина Ролан Гарросте киген киімімен ерекшеленді.

Бейбіт Жұқаев АҚШ-тағы жарыстың финалында жеңіліп қалды.


Соңғы жаңалықтар