Қазақстандық теннисшілер рейтингте жоғары көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін жаңартылған дүниежүзілік рейтингте қазақстандық теннисшілер жоғары көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) рейтингісінде 26-дан 25-орынға шықты.

Осылайша 20 жастағы теннисші Ярослава Шведованың 2012 жылғы жетістігін қайталады. Е.Рыбакинаның Қазақстан рекордын жаңартуына толық мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ Юлия Путинцева 38-ден 34-інші, Зарина Дияс 73-тен 63-сатыға орналасты.

Бұл нәтиже осы үш теннисшінің жексенбі күні мәреге жеткен Аустралия ашық чемпионатында үшінші айналымға дейін жеткендігіне байланысты болып отыр.

Рейтингте аустралиялық Эшли Барти көшбасшылық орнын сақтап қалса, румыниялық Симона Халеп чехиялық Каролина Плишкованы ығыстырып, екінші орынға көтерілді.

Жұптық сында қазақстандықтардан Галина Воскобоева мен Анна Данилина бес сатыға көтеріліп, сәйкесінше 56-ыншы және 122-орынға жайғасты. Ю.Путинцева 40 сатыға (202) төмендесе, Е.Рыбакина керісінше 173 саты жоғарылап, 344-ракетка атанды.

Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (ATP) да ерлер арасында жаңартылған рейтингті жария етті.

Мұнда Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанған сербиялық Новак Джокович көш бастаса, испаниялық Рафаэль Надаль екінші орынға түсіп қалды. Швейцариялық Роджер Федерер бұрынғыша үздік үштікте келеді.

Қазақстандық Александр Бублик 56-дан 54-орынға көтерілсе, Михаил Кукушкин 68-сатыда қалды. Дмитрий Попко 13 сатыға жоғарылап, 170-ракетка атанды.

Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен М.Кукушкин мен А.Бублик жұптық сында күрт секіріс жасады. М.Кукушкин 74 сатыға жоғарылап, 68-ракетка атанды. Ал А.Бублик бірден 246 сатыны артқа қалдырып, үздік жүздікке (96-орын) енді.

Сондай-ақ көрсеткіштерін жақсартқан Андрей Голубев 132-інші (+17), Александр Недовесов 146-орында (+20) тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Новак Джоковичтің сегізінші мәрте Аустралия чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар