Қазақстандық теннисшілер Мадрид турнирінде жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисшілер Ярослава Шведова мен Юлия Путинцева Мадрид WTA 1000 турнирінде ұтылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 725-орында тұрған Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Я.Шведова әлемнің 25-ракеткасы, Тунис өкілі Онс Жабермен кездесті.

Бір сағат 15 минутқа созылған матчта тунистік теннисші 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Ал рейтингте 30-сатыдағы Ю.Путинцева әлемнің 18-інші, осы доданың 15-ракеткасы, ұлыбританиялық Йоханна Контадан айласын асыра алмады – 4:6, 2:6. Бұл бәсеке сағат жарымдай уақытқа созылды.

Осылайша жүлде қоры 2,5 млн еуродан асатын Мадрид жарысы қазақстандықтар үшін сәтсіз басталды.

Ендігі бар үміт Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Елена Рыбакинада. Ол ертең негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан кейін қосылған, рейтингте 78-орындағы аустралиялық Айла Томляновичпен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Мадридте негізгі турнирге өте алмағанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар