Қазақстандық теннисші Шымкент турнирінің жартылай финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Денис Евсеев жұптық сында Шымкентте өтіп жатқан Beeline Challenger 80 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Д.Евсеев ресейлік Александр Шевченкомен бірге ширек финалда жарыстың 2-ракеткалары, үндістандық Арджун Кадхе – украиналық Владислав Манафовпен күш сынасты.

Бірінші партияда қазақстандық-ресейлік жұп басымдылық танытты – 6:4.

Екіншісінде А.Кадхе мен В.Манафов есе қайырды – 6:3. Дегенмен супер тай-брейкте Д.Евсеев пен А.Шевченко сәтті ойнады – 11:9.

Бір сағат 23 минутқа созылған матчта қарсыластар 7 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді.

Д.Евсеев пен А.Шевченко финалға шығу үшін швейцариялық Антуан Белье – бразилиялық Габриэль Декамппен таласады.

Тағы бір қазақстандық Григорий Ломакин ресейлік Ян Бондаревскиймен бірге ширек финалда норвегиялық Виктор Дурасович – ресейлік Иван Гаховқа есе жіберді – 4:6, 3:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын екі қазақстандық теннисшінің Шымкент турнирінің ширек финалына шыққанын, Юлия Путинцеваның Римде әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасын ұтқанын жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар