Қазақстандық теннисші Шымкент турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Бейбіт Жукаев Шымкентте өтіп жатқан BeeTV Challenger 80 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 491-орында тұрған Бейбіт Жукаев бастапқы кездесуін әлемнің 418-ракеткасы, үндістандық Саши Кумар Мукундпен өткізді.

Ақтау қаласының түлегі, 21 жастағы теннисші бірінші партияда айқын басымдылық танытты – 6:1.

Екінші сет тартысты өрбіп, тай-брейкте Бейбіт жеңісті жұлып алды – 7:6 (13:11).

Бір сағат 41 минутқа созылған матч барысында Б.Жукаев 9 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейкпен шектелді.

Б.Жукаев ширек финалға шығу үшін әлемнің 463-ракеткасы, америкалық Эван Чжумен таласады.

Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев екінші айналымда жапониялық Каичи Учидамен шеберлік байқасады.

Шымкент 2 челленджер турнирі 22 мамырда мәреге жетеді.

Бұдан бір апта бұрын Шымкенттегі дәл осындай додада Б.Жукаев алғашқы айналымнан аса алмаған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің әлемдік рейтингіде рекордтық нәтижеге қол жеткізгенін, Тимофей Скатовтың Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисші Франциядағы турнирдің ширек финалына шықты.





Соңғы жаңалықтар