Қазақстандық теннисші рейтингте бірден 27 орынға жоғарылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингте бірден 27 орынға жоғарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған дейін 19 жасар спортшы 161-орында болса, бүгін 134-сатыға көтерілді.

Есесіне Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева 38-ден 41-ге, Зарина Дияс 107-ден 115-ке төмендеді.

Рейтинг көшін бұрынғыша жапониялық теннисші Наоми Осака бастаса, чехиялық Петра Квитова румыниялық Симона Халепті ығыстырып, екінші орынға шықты.

Юлия Путинцева бүгін Рабат (Марокко) турнирінің алғашқы айналымында рейтингте 67-орында тұрған словениялық Тамара Цидансекпен кездеседі.

Ерлер арасындағы рейтингте Михаил Кукушкин бұрынғы 40-орнын сақтап қалса, Александр Бублик 98-ден 96-ға көтерілді.

Рейтингтің алғашқы үштігінде сербиялық Новак Джокович, испаниялық Рафаэль Надаль және германиялық Александр Зверев тұр.

М.Кукушкин Эшторил (Португалия) турнирінде әлемнің 31-ракеткасы, америкалық Фрэнсис Тиафомен шеберлік байқасады.

А.Бублик Мексикадағы Пуэрто-Вальярта челленджер турнирінде бақ сынайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің халықаралық турнирлердегі қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.

Өткен аптада А.Бублик Мексикадағы турнирдің финалына дейін жетті.

Ал әйелдер арасында Елена Рыбакина Ыстанбұлдың негізгі турниріне жолдама алып, содан кейін екінші айналымға, ширек финалына шықты. Дегенмен жартылай финалға өте алмай қалды.

Соңғы жаңалықтар