Қазақстандық теннисші Португалиядағы жарыстың жартылай финалына шықты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Тимофей Скатов жұптық сында Брага (Португалия) челленджер жарысының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші испаниялық Карлос Табернермен бірге екі кездесуін сәтті өткізді.

Т.Скатов пен К.Табернер алдымен аустралиялықтар Акира Сантильян - Брэндон Уокинді 7:5, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстандық-испаниялық жұп ширек финалда португалиялықтар Фабио Коэльо - Джейми Фариямен шеберлік байқасып, 6:3, 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті.

Тартысты бәсеке сағат жарымға созылды.

Т.Скатов пен К.Табернер финалға шығу үшін чехиялықтар Вит Коприва - Ярослав Поспишилмен таласады.

Сонымен қатар Т.Скатов пен К.Табернер жекелей сында ертең жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Португалиядағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бублик Франциядағы турнирдің ширек финалына шықты.


Фото: ktf.kz



Соңғы жаңалықтар