Қазақстандық теннисші Аргентинадағы жарыстың ширек финалына шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 235-ракеткасы Дмитрий Попко Буэнос Айрес 2 (Аргентина) челленджер жарысының ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 164-інші, осы доданың 7-ракеткасы, аргентиналық Сантьяго Родригес Тавернамен өткізді.

Д.Попко 2 сағат 41 минутқа созылған тартысты матчта қарсыласын 7:6 (10:8), 0:6, 7:5 есебімен тізе бүктірді.

Дмитрий Попко екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 482-орында тұрған бразилиялық Уилсон Лайтемен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда У.Лайте 2:0 есебімен алға шыққанымен, қазақстандық спортшы таразы басын теңестіріп қана қоймай, өзіне аудара білді – 6:4.

Екінші сетте де Дмитрий сол қарқынынан жаңылған жоқ – 6:3.

Бір сағат 23 минутқа созылған бәсеке барысында Д.Попко 5 эйс жасап, 13 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.

Қазақстандық теннисші жартылай финалға шығу үшін әлемнің 96-ыншы, доданың 2-ракеткасы, германиялық Даниэль Альтмайер немесе рейтингте 349-сатыдағы аргентиналық Роман Андрес Бурручаганың біреуімен таласады.

Қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында София (Болгария) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шыға алмады.

Қазақстандық жұп ширек финалда жарыстың 4-ракеткалары, монаколық Хьюго Нис – поляк Ян Зелинскиден жеңіліс тапты – 1:6, 5:7.

Сондай-ақ Анна Данилина мен чехиялық Джесика Малечкованың Парма (Италия) WTA 250 додасында жолы болмады. Олар ширек финалда чехиялықтар Анастасия Детюк – Мириам Колодзиэёваға есе жіберді – 0:6, 4:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Лиссабонда турнирдің үшінші ракеткасын ұтқанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар