Қазақстандық тауарлар өзіміздің ішкі нарықта теперіш көрмеуі шарт - А. Перуашев

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -  Қазақстандық тауарлар өзіміздің ішкі нарықта теперіш көрмеуі шарт. Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің депутаттарымен кездесуі барысында «Атамекен»  одағы» палатасының төрағасы Азат Перуашев осылай мәлім етті,  

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы, сауда мәселесі тауарды тұтынушыға дейін жеткізудегі жүйелі құрал болып табылады. Дегенмен де, Қазақстандағы жағдайға келетін болсақ, еліміздегі сауда желілерінде отандық тауарларға  қатысты кемсітушілік саясатының орын алып отырғанын айқын аңғарамыз. Бұны ашық айту керек. Өйткені, кез келген үлкен сауда орталықтары мен дүкендерге кірсеңіз қазақстандық тауарды таба алмайсыз. Ондай тауар болғанның өзінде де қазақстандық өнімдердің орналасуы да қолайсыз, әдетте олар сөрелердің түпкі не болмаса төменгі жағына жайғастырылады. Яғни, отандық тауарлар кемсітіліп, сатып алушылардың көзінен тасада қалып отыр», деді А. Перуашев.

Оның айтуынша, қазақстандық тауарлар өз еліміздің аумағында ешқандай да теперіш көріп, кемсітушілікке ұшырамауы керек.  Палата төрағасы аталған мәселені шешу үшін қолданыстағы заңға  өзгерістер енгізілуі тиістігін немесе сауда желілері арқылы қазақстандық тауарларды қорғау үшін жаңа заң әзірлеу қажеттігін алға тартты. «Қазақстанның Кедендік одаққа қосылуы қарсаңында біз өзіміздің тауар өндірушілерімізді сауда желілері арқылы қорғап қалуымыз керек. Бұл осы күні қолға алатын өзекті мәселелердің бірі», деді А. Перуашев.

Соңғы жаңалықтар