Қазақстандық тағы үш боксшы Сербиядағы турнирде финалға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан әйелдер арасындағы халықаралық «Ұлттар кубогі» додасында тағы үш қазақстандық былғары қолғап шебері финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнирде 60 келіде сынға түсіп жатқан Римма Волосенко түркиялық қарсыласынан айласын асырды. Ал 81 келіде шаршы алаңға шыққан Ләззат Күнгейбаеваға чехиялық спортшы қарсы тұра алған жоқ. Жеребе нәтижесімен Гүлсая Ержан 81 келіде бірден ақтық сынға жолдама алды.

Қазақстан құрамасы сапынан Валентина Хальзова түркиялық боксшыға жол беріп қойды. Ол турнирде осылайша қола жүлдені қанағат тұтты.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Арайлым Марат (48 келі), Дина Жоламан (54 келі) және Владислава Кухта (57 келі) финалға жолдама алғанын хабарлаған едік.

Халықаралық турнирде қазақстандық тоғыз боксшы аттанған болатын.

Аталмыш турнирде бұған дейін қазақстандық боксшылар 2012, 2015, 2016, 2018 жылдарда командалық есепте жеңімпаз атанды. Үш мәрте мұндай мәртебеге ресейліктер ие болды.


Соңғы жаңалықтар