Қазақстандық тағам өнеркәсібі кәсіпорындарының 5%-ы ғана халықаралық қауіпсіздік стандартын енгізді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық тағам өнеркәсібі кәсіпорындарының 5%-ы ғана НАССР қағидатына негізделген тағам қауіпсіздігі менеджментінің жүйесін енгізген.

Бұл туралы бүгін «Азық-түлік қауіпсіздігі» V халықаралық форумында ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Әлиақпар Мәтішев айтты.

«Статистикаға сүйенсек, қазақстандық кәсіпорындардың 5%-ы ғана НАССР қағидатына негізделген тағам қауіпсіздігі менеджментінің жүйесін енгізген. Біздің сайтта осы жұмысты атқарған санаулы кәсіпорынның аты жарияланатын болады. Тұтынушылар оларды көріп, қандай өнімнің қауіпсіз екеніне көз жеткізе алады. Бұл кез келген жарнамадан артық», - деді Ә.Мәтішев.

Форумға қатысқан Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстандағы агробизнеске стандарттарды енгізу бойынша  IFC бағдарламасының кеңесшісі Ольга Щербинаның айтуынша, тағам өндірісіне НАССР қағидатына негізделген менеджмент жүйесін енгізу тағамның қауіпсіздігін дәлелдеуге мүмкіндік беретін міндетті техникалық регламент болып табылады. 

«Бұл Кедендік одақ шеңберінде жүретін талап. ЕАЭО мүшесі болып табылатын Қазақстан үшін бұның маңызы зор. Оны енгізбеген кәсіпорындар Кедендік Одақ, ЕАЭО территориясында тауарын экспорттай алмайды. НАССР принципі экспортқа шығу үшен керек виза», - деді О.Щербина.

Соңғы жаңалықтар