Қазақстандық суретшілердің үздік туындылары іріктелді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Суретшілердің үздік туындылары Қазақстан бейнелеу өнері антологиясына енгізіледі. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаеваның сөзіне қарағанда, отандық бейнелеу өнерін насихаттау бағытында шетелдерде бірқатар шаралар өткізіліп жатыр.

«ҚР Ұлттық музейдің, Ә. Қастеев атындағы Өнер музейінің шетелдік экспозициялық жобаларын іске асыру жұмыстары жалғасын тапты. АҚШ, Британия, Қытай, Беларусь, Әзербайжан елдерінде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі», «Еуразия көшпенділері», «Азия мен Еуропа қиылысында» көрмелері ұйымдастырылды», - деді ол.



Аида Балаеваның айтуынша, Ұлттық музейде іске қосылған «Focus Kazakhstan» жобасы аясында Қазақстанның жас, дарынды суретшілері Ұлыбританияның заманауи галереяларында өз өнер туындыларын көрсету мүмкіндігіне ие.

Бұдан тыс, Қазақстанға шетелдік аудиторияның назарын аудару бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, елордада өткен «Astana art show» атты алғашқы халықаралық биеннале жыл сайын отандық суретшілер үшін ұйымдастырылатын заманауи өнер алаңы болмақ.

«Қазақстан бейнелеу өнері антологиясын құрастыру үшін Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жалпыхалықтық дауыс беру арқылы Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген үздік туындылар іріктелді. Антология қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көреді», - деді Аида Балаева.

Арнайы порталдағы дауыс беруге 50 елден 162 мыңнан астам адам қатысқаны әрі шығармалардың шынайы бағаланғанын айғақтайды, әрі жобаның қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді.

Сөз соңында Аида Балаева еліміздің барлық өңірлерін шараға белсенді қатысуға шақырды.

Айта кетейік, бүгін Астанада Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.

Соңғы жаңалықтар