Қазақстандық студенттер Түркия қонақүйлерінде тәжірибеден өтіп, еңбекақы алады

None
Фото: t.me/Madeniet_zhane_sport_ministrligi
АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің (IUTH) студенттері Анталияның жетекші қонақүйлерінде тәжірибеден өте алады. Бұл ретте студенттер атқарған жұмыстары үшін еңбекақы алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Биыл университет Түркияға 60 студент жіберуді жоспарлап отыр. Болашақта практиканттар саны 300 адамға дейін ұлғаймақ.

Халықаралық туризм және меймандостық университеті шетелдегі тәжірибеден басқа өз студенттері мен оқытушы-профессорлар құрамы үшін түріктің үш ЖОО-сымен академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске қосады.

Келісімдерге IUTH ректоры Айдос Сәкеновтің Түркияның жоғары оқу орындарының ректорларымен және елдің қонақ үй бизнесінің ірі өкілдерімен кездесуі аясында қол жеткізілді.

«Түркия – туризм саласындағы әлемнің жетекші елдерінің бірі. Сондықтан, ондағы қонақүйлерде біліктілік арттыру біздің студенттерге ең құнды тәжірибе мен кәсіби өсу үшін маңызды білім береді. Білікті кадрларды даярлау – біздің басты мақсатымыз. Мұндай ынтымақтастық отандық туризм индустриясының дамуына елеулі үлес қосады», - деді университет ректоры Айдос Сәкенов.


Соңғы жаңалықтар